Өзбекстанның 3 млн-ға жуық тұрғыны COVID-19-ға қарсы вакцина салдырды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Вакцинация басталғалы бері Өзбекстанның 3 млн-нан астам тұрғыны коронавирусқа қарсы екпенің толық курсын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА меншікті тілшісі.

Өзбекстанның 3 млн-ға жуық тұрғыны COVID-19-ға қарсы вакцина салдырды

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі таңда елде вакцинаның 16 861 167 дозасы пайдаланылған. Олардың арасында бірінші дозаны 9 991 456 адам алған. Екінші және үшінші (ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы 3 жозамен егіледі) дозаны 5 143 903 және 1 725 808 өзбекстандық салдырған.

Вакцинаның толық курсын 3 121 019 өзбекстандық алған. Бұл ел тұрғындарының 9 % (Өзбекстан тұрғындарының саны 2021 жылдың басында 34,5 млн болды).

Айта кетейік, Өзбекстанда вакцина салу науқаны 1 сәуірде басталды.

Қазір Өзбекстанда еуропалық AstraZeneca, қытай-өзбек ZF-UZ-VAC2001 және ресейлік «Спутник-V», сондай-ақ америкалық Moderna вакцинасы салынып жатыр.

Эпидемиологиялық жағдайдың қиындауына байланысты Өзбекстанда 3 тамыздан бастап, жұмыс істейтін тұрғындардың міндетті түрде вакцина алуын құқықтық негізде міндеттейтін заң қабылданды.


Мәдибек Жәнібеков