08:46, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Өзбекстанның Бас прокуратурасы Әндіжан облысындағы лаңкестік әрекеттер туралы ақпарат жариялады
ТАШКЕНТ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Сәрсенбі күні Өзбекстанның Бас прокуратурасы соңғы күндері Әндіжан облысында орын алған оқиғаларды жария етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ресми мәліметтер бойынша, Әндіжан облысының Ханабад қаласында мамырдың 25-інен 26-сына қараған түні және Әндіжанның өзінде мамырдың 26-сында күндіз лаңкестік әрекеттер болған. Ханабадта 2-3 содырдан тұратын топ милиция блок-бекетіне шабуыл жасап, атыс барысында Ішкі істер министрлігінің бір қызметкері мен содырлардың біреуі жараланған. Мамырдың 26-сында Әндіжанда, шамамен сағат 13.45-14.00-дерде белгісіз ер азамат өзін-өзі жарып жіберген. Онымен бірге милиция қызметкері қаза тапқан, бірнеше азамат жарақат алған. «Алдын-ала мәліметтер бойынша, содырлар тобы Әндіжан облысының аумағына көрші Қырғызстаннан енген», делінген Бас прокуратураның хабарламасында. Әндіжанда қазір күш-қуат құрылымдарының өкілдерінен құрылған штаб жұмыс істеуде. Бас прокуратураның хабарламасында, Ханабад пен Әндіжандағы лаңкестік әрекеттер үшін жауапкершілікті қандай ұйымдардың мойындарына алған-алмағаны туралы ештеңе айтылмайды.