«Өзбектен озудың жолы бар ма?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Астанада Қазақстан Республикасы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының бірінші құрылтай съезі өтті. Оған Парламент депутаттары мен облыстық ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының өкілдері қатысты.Съезде үш мәселе қаралды. Біріншісі - Қазақстан Республикасы Ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру, екіншісі - сол кеңестің төрағасын сайлап, оның ережесі мен құрылымын бекіту үшін жұмыс тобын құру және үшінші мәселе - ауған соғысы ардагерлерінің проблемаларын талқылау. «Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Мұрат Нағымановтың айтуынша, Ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру мемлекет пен қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірігіп шешуге, талқылауға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге арналғанын, бұл кеңес алдағы кезде соғыс ардагерлері мен олардың туған-туыстарына қолұшын беріп, олардың проблемаларымен айналысатынын айтты. Жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Үйлестіру кеңесі құрылды» атты мақаладан оқыңыз.
Мемлекет басшысы қаңтар айының соңына қарай өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін баса айтқаны белгілі. Соған орай жақында болған Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғ.Әбдірахымов тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жайын қозғап, қазір жұрт арасында біраз дау тудырып жүрген бахила туралы да қадап айтқан еді.Агенттік төрағасының айтуынша, әр науқастың қалтасынан 20-50 теңгеден жинап алу, бұл заңда көрсетілмеген. Сондықтан да бахиланы қай жерде кию-кимеу керектігін анықтап, тіпті тегін алатындай жағдай жасау қажеттігін де алға тартты. Шынында, осы бахиланың иесі де, бағасын белгілейтін де кәсіпкерлер көрінеді. Тазалықты алға тартуға болар, тіпті ақшасы барлар үшін 20-50 теңге түкке тұрмайтындай да көрінер. «Ал зейнетақысын талғажау етіп жүрген қалтылдаған қарттарды, айлығы шайлығына жетпей дірдектеп жүрген табысы аз отбасыларды қайда қоямыз? Қалай десек те, қанша жерден бар жүкті нарыққа артсақ та, тұтынушылардың құқығы деген мәселені естен шығармағанымыз жөн. Қазір бахила туралы әңгіме қаулап барады. Біздің айтпағымыз, бахила - тазалық үшін бе, әлде табыс көзі ме? Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Бахила тазалық үшін бе ... әлде?» тақырыппен жарық көрді.
***
Оңтүстік Қазақстан облысында күн бірден жылып кетті. Биылғы қыстың қарлы болғаны белгілі. Арыс қаласына қарасты Монтайтас елді мекенінен өтетін канал еріген қардың және жауған жаңбырдың суына толды. Ол арнасынан асып, топансу бірқатар тұрғын үйлерді басып қалды. Мұны Арыс қаласы әкімінің орынбасары, аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы Б. Ділдәбеков пен Арыс аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері растады.
Монтайтас елді мекенінде барлығы 614 үй бар. Ауылда 4088 адам тұрады. "19 үйдің қора-қопсысы мен ауласын су алып кетті. Қауіпті аймақтан 300-ге жуық адам көшірілді. Адам шығыны жоқ, - деді бізге аудан әкімінің орынбасары»,-деп жазады бүгінгі санында «Айқын» басылымы. Еліміздің оңтүстік өңірінде орын алған төтенше жағдайдың салдары жөнінде «Монтайтасты топан су алды» атты мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, таяуда «ала тақиялы ағайындар» өздерінің қатары ендігі 30 миллионға жетіп қалғандығын қуана жариялады. Өзбекстан Мемстаткомы 2012 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ел халқының саны 29 миллион 559 мың адамды құрағандығын хабарлады. Ал Қазақ еліне болса, 17 миллиондық меженің өзі, талай жылдан бері, сағымдай бұлдырап, жеткізбей келеді. Қазақстанның Статагенттігі өткен аптада, 2012 жылдың 1 қаңтарында ел халқының саны 16 миллион 675 мың адамды құрағандығын мәлім етті. Қазақстандықтар қатары 2011 жылдың басынан бері 233 мың адамға немесе небары 1,4%-ға артқан. Қазақтың басы неге көп өспей отырғандығын және басқа да түйткілдерді білу үшін қалаулылар Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованы Парламентке шақырды.Министрдің халық қалаулыларының алдында осы мәселеге қатысты нендей жауап айтқанын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Өзбектен озудың жолы бар ма?» атты мақаласынан білесіздер.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Эффективность надзора растет» атты мақала шығарды. Басылымның хабарлауынша, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменттерінің өкілдері 2011 жылы техникалық реттеу саласы бойынша 5 мың 114 тексеру жүргізген. Олардың 3 мың 137-і бойынша түрлі заңбұзушылықтар анықталды. 2010 жылы 5 мың 900 тексеру жасалып, 3 мың 76 кемшілік анықталған. Сондай-ақ өткен жылы 3 мың 125 жағдай бойынша 112 миллион теңгеге айыппұл салынған.