Өзекті әңгіме өрбіді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Санаулы күндерден кейін сабақ басталады, ал енді осыған байланысты туындайтын мектеп мәселелері Алматыда өткен дәстүрлі қалалық орта білім беру қызметкерлерінің «Білімді ел - Мәңгілік ел» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесінде жан-жақты талқыланды, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Өзекті әңгіме өрбіді

Сонымен, Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өт­кен жиында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев, Ал­ма­ты қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек, сондай-ақ,  қала­лық мәсли­хаттың депутаттары, БҒМ қыз­­меткерлері, ардагер пе­да­гог­тар, жалпы білім беру мекеме­лері­нің басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз алды.

Қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның мәлімдеуінше, қазір Алматыда 244 орта білім беру мектебі жұмыс іс­тейді. Оларда 210 мыңнан астам оқушы бар. Соңғы жылдары мектептерде оқушылардың саны күрт өсуде. Тек өткен жылдың өзінде өсім - 10 мың адамнан асты.

- Бұл жерде қазақтілді мек­теп­тердегі шәкірттер санының артып жатқандығын атап өткен жөн. Егер, 2015 жылы мемлекеттік тіл­де білім алатын оқушылардың саны - 90 мыңды құраса, 2016 жы­лы олардың саны - 96 мыңға жет­ті. Биыл қазақ тілінде білім беретін жаңа физика-математика мектебі пайдалануға беріледі. Онда  жаңартылған білім беру бағ­дар­ламасы, сондай-ақ, халық­ара­лық инновациялық технологиялар енгізілетін болады, - деді Рахат Шимашева.

Жиын барысында биыл Ұлт­тық бірыңғай тестілеу қоры­тын­дысы бойынша,  республикамызда 19 түлек ең жоғары көрсеткіш - 125 балдан жинаса, оның ал­тауы - алматылықтар, яғни №12, №159, №162, №175 және №178-ші мектептердің түлектері екені ай­тылды.

- Бір айта кетерлік жайт, олар­дың барлығы қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқы­ған! Қаламызда биылғы мектеп тү­лектерінің 44 пайызы тестіл­еуде - 100 балдан жоғары жинады. Бұл республикалық көрсеткіш­тен 25 пайызға жоғары! 254 түлек «Алтын белгіге» ие болды, - деді Ал­маты қаласы Білім басқар­ма­сының басшысы.

Сол сияқты бес күндік оқу аптасына ауысу барысында сенбі күні де мектеп оқушылары үшін қо­сымша білім алу күніне айналуы тиістігі сөз болды.

Қарап отырсақ, ата-ана үшін де, мұғалімдер үшін де бала­лардың сабақтан тыс кездегі уақыт­тарын өздеріне пайдалы ету қай кезде де өзекті. Тамыз кеңе­сінде үйірмелер мен спорт секция­лары  бойынша да жұмыстарды күшейту қажеттігі қаралды.

Оған қоса, бүгінгі таңда білім са­пасын арттыру мақсатында ин­клюзивті білім беруге барынша көңіл бөлуге қатысты шаралар легі айтылды.

Алқалы жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиев әңгімені бала­бақ­шалардан бастады. Соңғы жыл­дары бүлдіршіндерді балабақ­шалармен қамту көрсеткіші үздіксіз жақсарып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазір елімізде 450 мың балабақша бар. Жекеменшік балабақшалар саны 10200-дей болады. Бүгінде 400 мыңдай бүл­діршінді балабақшаға жіберу үшін мемлекеттік тапсырыс жа­салынған.

Министрдің айтуынша, қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі - мек­тептерде мемлекеттік тілді да­мы­туда жаңа оқу әдістемелерін енгі­зу болып отыр.

Орыс тілінде білім беретін мек­тептерде қазақ тілі пәні оқыты­латынына қарамастан, оқушылар мемлекеттік тілді қолданбайды. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгерудің жаңа әдістемелерін енгізу қажет. Бұл іске біз отандық ғалымдар мен әдіскерлерді шақы­рып отырмыз. Яғни, қазір жаңа әдістемелердің жобасы дайын, - деді ол ойын түйіндеп.

Педагогикалық кеңес мұға­лім­­дердің жалақысы, кадр­ларды даяр­лау сапасы, бірегей оқулық­тар базасы сияқты проблемаларды аттап өтпейтіні аян.

Жиында министр, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің басшылары мен ата-аналар комитетін мек­теп формасына қатысты елді дүр­ліктірмеуге шақырды.

- Мектеп директорлары мен ата-аналар комитетіне үлкен өтініш, мектеп формасын сатып алуға қатысты дүрбелең ту­ғыз­баңыздар. Мектеп формалары оқу жылының алғашқы тоқсанына дейін сатып алынсын. Оқу жылы жақындағанда барып, қимылдай бастайтынымыз түсінікті ғой. Мек­теп формасына қатысты анау айтқандай талаптар жоқ. Тек сіздерден өтінерім, осының бар­лығы уақытымен жасалсын, - деді білім саласының бірінші басшысы.

Осыдан кейін министр мемлекет тарапынан еңбектері еленген мұғалімдерді марапаттады.

Салтанатты сәттен кейін сөз кезегі қала әкімі Бауыржан Бай­бекке тиді. Қала әкімі соңғы бес жыл бойы Алматы ҰБТ нәтижесі бойынша көшбасшылықты бер­мей тұрса, ол да білікті мұға­лім­дердің еңбегінің нәтижесі екен­дігін айта келе, ұстаздардың жаңа ақпараттық технологияларды бір кісідей меңгеруіне қатысты жәйт­терді жан-жақты баяндады.

Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шыға­рылып, білім беру мекемелерінің алдағы 2016-2017 оқу жылына даярлығы, білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды.