Өзекті бағыттар бойынша гранттарды жоспарлаудың жаңа форматы енгізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқалау кезінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) мемлекеттік қолдау тетіктерін дамытуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заңнаманы жетілдіру аясында гранттық қаржыландыру жүйесін қайта форматтау және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі - стратегиялық әріптестікті енгізу ұсынылады.

«Гранттық қаржыландыруға қатысты тоқталсақ, гранттар жүйесінің градацияланған негізде келесі түрлерін енгізу көзделеді: қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобалар. Бұл ретте, гранттың түріне қарай қаржыландыру көлемі, мерзімі, ҮЕҰ-ның конкурсқа қатысу шарттары және есептілікке қатысты талаптар айқындалады. Сөз жоқ, бұл тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетеді», - деді Б. Тілепов.

Екіншіден, өзекті бағыттар бойынша гранттарды жоспарлаудың жаңа форматын енгізу көзделген. Бұл гранттарды халықтың қажеттіліктеріне тікелей бағыттайды. Аталмыш тетік «төменнен жоғарыға» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, ҮЕҰ-лар өз жобалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге шұғыл ден қойып, шешімдерді уақытылы қабылдайды.

«Үшіншіден, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға оператор арқылы гранттар ұсынуға құзыреттер беріледі. Төртіншіден, гранттардың тиімділігін бағалау тетігін енгізу көзделген. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың қызмет сапасын анықтауға, бюджеттік шығындардың тиімділігін қадағалауға және гранттардың өміршеңдігін бағалауға мүмкіндік береді», - деді Болат Тілепов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте қаралған заң жобасында азаматтық қызметке орналасу кезінде еріктілерге артықшылықтар беруді ескеретін нормалар қамтылған.


Соңғы жаңалықтар