Өзен шаяндарын шекара асырмақ болған ресейлік азамат құрықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1 қазан күні таңертең Орал-Орынбор жолы бойында кедендік бақылау кезінде РФ Саратов қаласының тұрғыны мінген автокөлік тоқтатылды.

Өзен шаяндарын шекара асырмақ болған ресейлік азамат құрықталды

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1983 жылғы жүргізуші өзеннен заңсыз ауланған 1697 дана өзен шаянымен ұсталды. Ол шаянды тиісті құжатсыз Қазақстаннан Ресейге алып бара жатқан болып шықты.

Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Өңірде мал ұрлығы да жиіледі. Атап айтқанда, Зеленов аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері бірнеше қылмыстың бетін ашты.  Биылғы мамыр мен қыркүйек аралығында Белоглинка елді мекені маңынан 1975 жылғы азаматқа тиесілі 11 бас уақ жандық еркін жайылымнан ұрланған. Жедел іздестіру шаралары барысында Махамбет ауылының 1982 жылғы тұрғыны күдікті ретінде қолға түсті. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің тағы бір қылмысқа қатысы бары белгілі болды. Ол 1961 және 1964 жылғы азаматтармен алдын ала сөз байласып, биылғы маусым айында бір шаруа қожалығына тиесілі тағы екі қойды бөктеріп кеткен. Бұл дерек бойынша да ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізілуде.