«Өзен - Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолы ашылды
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен Индустрияландыру күні аясындағы тікелей режімдегі телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзен - Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолын ашты.
Келесі жылдың алғашқы тоқсанында аталған жолдың түрікмен және иран бөліктері толығымен аяқталатындығын атап өткен Н.Назарбаев: «Өзен - Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» - бұл Парсы шығанағына шығатын жол. Бұл біздің, Тәуелсіз Қазақстанның әлемнің теңіз айлақтарына тіке шығар терезесі», - деді.
Аталған жоба Қазақстанды Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен жалғастырады.
Теміржол пайдалануға берілген алғашқы жылдың өзінде-ақ тасымал көлемі 9 миллион тоннаға жетеді. Жобаны жүзеге асыру Батыс Қазақстан экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Қазіргі уақытта Болашақ жаңа теміржол стансасы салынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді.