Өзенмұнайгазда өндірістен тыс шығыс мөлшері 1,2 млрд теңгеге жеткен

АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Өзенмұнайгаздағы» тексерулер өндірістегі кемшіліктерді, белгіленген жоспардың тиісті уақытында орындалмауын, сатып алу мерзімінің кешіктірілуін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Өзенмұнайгазда өндірістен тыс шығыс мөлшері 1,2 млрд теңгеге жеткен
Фото: t.me/kmgpress

Бүгін Ақтауда өткен брифингте ӨМГ және оның мердігерлерінде тексеру барысында жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері туралы айтылды. Бірқатар басқармада 4 айда жұмыс уақытының 170 мыңнан астам сағаты орындалмаған, өндірістен тыс шығыс мөлшері шамамен 1,2 млрд теңгеге жеткен.

Тексеру кезінде осы жылға арналған сатып алу жоспары 65% орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған.

«Бұзушылық бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазір нақты бағыттар бойынша кемшіліктерді жою мақсатында жоспар әзірленуде. Кейбір мәселелерді жүйелі түрде қарастыру қажет. Оларды шешу үшін уақыт пен қосымша қаржы керек», — деп түйіндеді жұмыс тобының жетекшісі, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.