«Өзенмұнайгаздың» жыл сайынғы табысы 2 трлн теңге ме - ҚМГ жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазМұнайГаз бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаржылық жағдайы туралы жазбаларға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзенмұнайгаздың» жыл сайынғы табысы 2 трлн теңге ме - ҚМГ жауап берді
Фото: kmg.kz

ҚМГ мәліметінше, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның шикізат сатудан түсетін жыл сайынғы табысы 2 трлн теңге деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Энергия ресурстарының бағасын, ішкі нарыққа жеткізілетін өнім үлесін (жанар-жағармай бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында) және өндіру көлемін қоса алғанда, компанияның жылдық табысы 1 трлн теңгеден аспайды.

Мысалы, 2020 жылы мұнай саудасынан 477 млрд теңге қаржы түсті, ал 2022 жылы бұл сома 901 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар, журналист жазбасында «Өзенмұнайгаз» шығындарының құрылымына қатысты жалған ақпарат берілген.

Мысалы, 2022 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ ұңғымаларды бұрғылауға 93 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 10%-ын жұмсады.

Ал ұңғыма жөндеуге 14 млрд теңге немесе жалпы шығынның шамамен 1%, сорғы-компрессорлық құбырларды сатып алуға 21 млрд теңге немесе жалпы шығынның шамамен 2% жұмсалды.

«Биылғы көрсеткіштерге келер болсақ, 4 айдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 14 млрд теңге болды. Бұл нәтижеге қарамастан, ұңғымалар қоры мен арнайы техника паркін, жерасты жабдықтарды жаңартуға бағытталған өзге де инвестициялық шығындарды ескергенде, таза қаржы ағымы минус 40 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Құйылған инвестициялар қайырымын компания болашақта көреді деп күтілуде. Сондай-ақ, қала құраушы негізгі кәсіпорын ретінде «Өзенмұнайгазға» жоғары әлеуметтік жүктеме артылған, компания жыл сайын өңірдегі кәсіпорындарды ғана емес, отандық тауар өндірушілерді де жұмыспен қамтуға айрықша мән береді» деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.

Компанияның операциялық және қаржылық жағдайы туралы ақпарат ресми дереккөздерде жарияланады.