Өзге елдердің ядролық қалдықтары Қазақстанда еш уақытта сақталмайды - Экология министрі

«Заңнамада жазылып көрсетілгендей, Қазақстанға ядролық қалдықтарды әкелуге тыйым салынған. Қазақстанда ядролық қалдықтар ешқашан болмайды. Біз, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ғана емес, Үкімет те ядролық қалдықтарды алып келуге еш уақытта рұқсат бермейді», - деді ол.
Н.Әшімов, «ядролық отын банкін» «ядролық қалдықтар банкімен» шатастыруға болмайтындығын айтты. Еске салайық, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 19 сәуір күні Киевте өткен ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық пайдалану мәселелеріне арналған саммитте, Қазақстан өзінде Ядролық отынның халықаралық банкін орналастыруға әлі де ниетті екендігін айтқан болатын.
«Қалдықтар мен Ядролық отынның халықаралық банкін (ЯОХБ) шатастырмау керек», - деді ол. Министр атап көрсеткендей, ЯОХБ-да аз байытылған уранның кепілді қорының аздаған көлемін сақтау жоспарланып отыр. ЯОХБ-ны ядролық қаруы жоқ және МАГАТЭ инспекторлары үшін толығымен ашық елде сақтау көзделіп отыр.
Қазақстан уран рудасын өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Онымен бірге, мемлекетте реакторларды эксплуатациялау және сынақ ядролық физика саласындағы жұмыстар бойынша практикалық және ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар.
«Атомды өнеркәсібімізді дамыта отырып, біз уран өндіруден бастап ядролық отынды шығаруға дейінгі - ядролық отынды циклдың вертикалды-интеграцияланған компаниясын құруды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді министр.