Өзге кандидаттар неге аз дауыс алды - АҚШ сарапшысының пікірі

АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Джеймстаун қорының аға ғылыми қызметкері Маргарита Ассенова Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауында алты кандидаттың бесеуі неге тым аз дауыс алғаны туралы пайымын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Сайлау жақсы ұйымдастырылып, өткізілгенін көрдік. Соншалықты үлкен бір проблема да байқаған жоқпыз. Біздің байқаушылар да өзіміз сөйлесуге мүмкіндік алған өзге халықаралық байқаушылар сияқты қандай да бір проблема көрген жоқ. Кешегі сайлауда нені байқадық? Жалпы, халықтың бүкіл назары жалғыз кандидатқа ойысты. Ол адам ақырында сайлауда жеңіске жетті және алдағы 7 жылда президент болады. Бұл – жақсы. Ал өзге кандидаттар өте аз дауыс алды. Біз сөйлескен сайлаушылардың бәрі басқа кандидаттарды мүлде танымайтынын айтты. Олар сайлауға дейін аталған кандидаттарды мүлде көрмеген, олар жайлы ешқашан естімеген, ештеңе білмеген. Сондықтан сайлаушылар өздері жақсы танитын және елде реформа жүргізіп жатқан кандидатқа дауыс береді. Президент Қ.Тоқаевтың пайдасына неге сонша көп дауыс берілгенін осымен түсіндіруге болады», - деді Маргарита Ассенова.

Оның пайымынша, кандидаттар арасында қазіргі президенттен басқа да білікті үміткерлер болған. Бірақ оларға танымалдылық жетіспеген.

«Тағы бір мәселе, кей кандидаттар шынымен де жоғары білікті, сапалы үміткер болды. Олардың бэкграунды шынымен де президент, министр деңгейіндегі басшылық лауазымдарды атқаруға лайық еді. Бірақ олардың 30 күн ғана уақыты болды. Осы 30 күннің ішінде өз үгіт-насихатын бүкіл ел бойынша жүргізіп, өздерін таныту үшін сайлаушылармен кездесіп, сөйлесуі керек еді. Осының бәріне егер кандидат әбден қалыптасқан, күн сайын теледидардан көрсетіп жататын көшбасшы тұлға болмаса, 30 күн жеткіліксіз еді. Жария кеңістікке енді ғана шыққан кез келген кандидатқа 30 күн жалпы жұрттың қолдауына ие болу үшін жеткіліксіз. Сондықтан олар 2-3 пайыз ғана дауыс алды. Біз өз мәлімдемемізде келешекте үгіт-насихатқа берілетін уақытты ұзартып, 30 күннен 60 күнге жеткізуді ұсынамыз. Немесе кандидат президент сайлауына түсуді жоспарлаған кандидаттар тым ертеден саясатпен айналысып, сайлаушылардың назарын өздеріне аударуы керек. Кеше бір университеттен қатысқан байқаушы бойжеткен АҚШ-тағы сенаторлар, саясаткерлер келесі сайлауға дайындықты кеше болған сайлаудың ертеңінде бастап кететінін айтты. Ал Қазақстанның үміткерлері сайлауға 30 күн қалғанда үгітті бастайтынын айтып, салыстырды. Ал келесі сайлауға дейін бүгінгі кандидаттар қайтадан үнсіз қалуы мүмкін деген болжамын жеткізді. Келесі сайлауда тағы жаңа есімдер шығуы ықтимал», - деп түйіндеді ғалым.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар