«Өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыру керек пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Күндізгі сағат 8:38. «Россия 24» арнасы. Байқоңырдан тікелей репортаж. Жүргізуші қанатына «Глонасс-М» ғарыш аппараты байланған «Протон-М» зымыран ұшырғышының аспанға көтерілетінін айтып жатыр. Сәлден соң дүниені басына көтерген ғарыш кемесі көкті бетке алды. Бір кезде мас адам секілді қисалаңдай бастады. Осы сәтте жүргізуші: «Әлдене дұрыс болмай жатыр... Мынау қазір құлайды-ау... Зымыран жерге жақындап келе жатыр... Апат..!» деді. Солайша, штаттық режімде ғарышқа аттануға тиіс зымыран жарылып тынды. Жерге құлап келе жатқанында өртенді. Сонан соң бұрқ етіп қара түтін шықты. Аспанда «гептилден» бұлт пайда болды. Осы сәтте және одан кейін жел соқпай тұрған. Және өткінші жаңбыр жауған. Соның әсерінен айлаққа жақын орналасқан ағайынның улану жағдайы аса зор емес, дейді мамандар. Әйтпесе, «гептил» бұлты аспанын торлаған елді мекендердің жағдайы қандай болады? Белгісіз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Жалға алған жерде жарылды» - деп қарап отыра береміз бе?» атты мақалада.

Оқиға орнына Президенттің Байқоңырдағы арнайы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев шұғыл аттанып кетті. Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб мүшелері де сонда. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев арнайы мәжіліс өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Байқоңыр жұртшылығына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ешкім ешқайда көшірілген жоқ. Тек ғарыш айлағындағы мамандарды ғана оқиға орнынан алып кетті. Бүгінде құлаған зымыраннан бөлінген удың мөлшері зерттеліп жатыр.

Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Ас­тана - Теміртау» автожолы жобасын іске асыру басталды. Бұл мақсатты іс Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы - қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында көрсетілген болатын. Онда «Автокөлік инфра­құ­ры­лымын дамытудың ауқымды жобасына кірісу керек. Астанамен ірі орталықтар - Алматы, Ақтау жә­не Өскеменнің арасын қосу үшін заманауи жол салу аса қа­жет», деген еді Мемлекет бас­шы­сы. Осыған орай ел үкіметі бір­не­ше жобаны жүзеге асыруда. Атал­мыш автожол құрылысы да осы тапсырмаларды орындауға бағытталған. Ұзындығы 178 шақырымды құрайтын «Астана - Теміртау» жол учаскесінің құрылысын 2016 жылы аяқтау жос­пар­ланып отыр. Бо­ла­шақта аталған бағыт бойынша Қарағандыдан Алматыға дейін жол салу көзделген. Бұл жұмыс 2019 жылы аяқталмақ.

***

«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдары «Өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыру керек пе?» деген мәселе талқысына арналады. «Арайлап Тәуелсіздіктің таңы атқан соң қазақ елі дамудың даңғыл жолына түсті. Руханияты мен әлеуетін аяққа тік тұрғызып, бабалар арман еткен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға нық қадам басты. Осы бір сенім аз да болса еліміздегі өзге диаспора өкілдерінің қазақ ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырғаны сөзсіз. Сол сүйіспеншілік болашағын қазақ елімен, қазақ ұлтымен ғана байланыстырғысы келетін кейбір азаматтардың ұлтын «қазақ» деп жазуға ынталандырып отыр. Мәселен, еліміздегі ноғай, қарақалпақ, татар, ұйғыр, т.б секілді диаспора өкілдерінің кейбірі қазақ болғысы, қазақ болып жазылғысы келеді. Осындай игі үрдіс байқала бастағандықтан, қоғамда «Өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыру керек пе?» деген сауал ара-гідік қойылып қалып жүр»,-деп жазады басылым.

Осы басылымның «Қоғам» бетіндегі «Ер мұғалімдерге қашан қарық боламыз?» деген мақала білім саласындағы 50 де 50 пайыз бойынша мұғалімдер құрамасын құру мәселесін көтереді. Білім саласына қатысты мына бір статистикаға үңілейік. Қазіргі таңда еліміздің білім беру мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлердің, нақтырақ айтсақ, ұстаздардың 80-85 пайызы - әйелдер. Орта есеппен алғанда әр мектепте үш-төрт ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Сондай-ақ оқу-тәрбие мекемелері мен білім беру басқармалары басшыларының арасында да ер-азаматтар сирек кездеседі. «Әсіресе, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қызметінде де әйел мұғалімдердің қарасы қалың. Тіпті, денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретініне етіміз үйреніп қалды. Нәзікжанды азаматшалар да саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынын жоққа шығармаймыз. Алайда балалар мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі айтарлықтай олқылық екенін аңғаруға болады. Әсіресе, балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар»,-деп жазады мақала авторы.


***

«Айқын» газетінде «Енді жастар жиыны мемлекеттік тілде өткізіледі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бұдан былай жастар көп қатыстырылатын ірі іс-шаралардың, сән-салтанаттардың «мемлекеттік тілде өткізілуіне» мемлекеттің өзі мән беретін болады! Кеше Мәжілісте өткен «Біз өз Отанымыздың болашағы үшін жауаптымыз» атты дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігінің басшылығы осындай шешім қабылданғандығын мәлімдеді. Осы жиында «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев тәуелсіз Қазақстанның әскери мектептерінде әлі күнге сабақтардың орыс тілінде өткізілетіндігін сынға алды. Ал «ауғандық» жауынгерлер Қорғаныс министрлігінің Бас штабында қаржыгерлер қаптап кеткендігін айтып, дабыл қақты. «Халық қаһарманы», Мәжіліс де­путаты Бақытжан Ертаев Білім және ғылым министрлігін әскери білім ор­даларындағы патриоттық тәрбие жұ­мыстарын бетімен жібергендігі үшін сынады. - Министрлік шет қалып қалды, - деді қалаулы, - тәрбие жұмыстарына мықты мән беру керек еді. Біздің әс­кери жоғары оқу орындарында әлі күн­ге орыс тілінде сабақ берілуде! Бұл - бір. Екіншіден, Алматыдағы Бауыр­жан Момышұлы атындағы мектепті басқарған адам біздің Ауған соғысы­ның ардагері еді, сондықтан біз қол­дап жүрдік. Бірақ ол Ресейдің генералы­ның формасын киіп алып жүрді. Кімнің оған ресейлік генерал атағын бергенін мен білмеймін. Бірақ ол жастарға қан­дай тәрбие бермек? Біздің болашақ ұрпақ қалай қарайды? Бауыржан баба­мыздың аруағы қолдайтын іс пе бұл? - деп қынжылды Б.Ертаев.

Соңғы жаңалықтар