Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес - Н. Назарбаев

АСТАНА.  5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес. Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты тақырыпта дәріс оқыған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қаратып айтқан сөзінде осылай деді.  

Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес - Н. Назарбаев

«Қазақта «Бейнет түбі - зейнет» деген сөз бар. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тіршілік жасау бізге жат қылық болуы тиіс. Біздің қоғамымызда адал еңбекті кемел біліммен ұштастыратындар ғана табысқа жете алады. Бұны қаперден шығармаған абзал. Бұл -  заман талабы. Менің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» тұжырымымымның мәні де осында», - деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, Президент: «Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек. Кез-келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім  жетпеген табысқа қол жеткізеді.  Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес. Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елдік дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіздер! Сол үшін талмай жұмыс істеңіздер», - деді.

Сөз соңын Мемлекет басшысы «Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсығын білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты. Ендеше білімдерің толсын,  еңбектерің жансын!» деген баталы сөзімен аяқтады.