Өзгенің мүлкін ұрлау жалпы қылмыстың 60 пайызын құрайды - Ахметжан Есімов
АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Алғашқы жартыжылдықта тіркелген 6283 қылмыстың 4909-ы өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты болды. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыда қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне арналған алқалы жиында айтты.
«Ішкі істер депертаменті бастығы қылмыстың 50 пайызын Қазақстанның өзге аймақтарынан келген тұлғалар жасайтынын айтып отыр. Қазір бізде 110 мың мигрант бар. Бұл қала тұрғындарының 0,5 пайызын құрайды. Жұртшылықтың оларды бақылауға алуға мүмкіндігі бар. Егер күдікті әрекеті байқалса учаскелік инспектор мен құзырлы органдарға хабарлап тиісті шара қабылдау керек», - дейді А.Есімов. Қала басшысының айтуынша, қазір көптеген азаматтар салық органында тіркелмей, еш келісімсіз пәтерін жалға бергендіктен онда кім тұратынынан ешкім хабарсыз болып отыр. Көбі пәтерін сағаттық жалға беру арқылы, қылмыс жасауға қолайлы жағдай тудырады. Оған «Ақ кент» тұрғын үй кешеніндегі оқиға мысал бола алады. Жақында Ішкі істер департаменті қызметкерлері 2 полицейдің өліміне қатысты 6 қылмыскердің көзін жойды. Қылмыскерлер жасырынған пәтер салық органында тіркелмей жалға берілген. Оларды залалсыздандыруда материалдық шығын келді. Енді біз мемлекеттің есебінен түрлі деңгейде бүлінген 8 пәтерді жөндеу жүргізіп, мүлікті қалпына келтіреміз. Онда бейбіт тұрғындар зардап шегуі де мүмкін еді. Құқық қорғау органдары нақты операция жүргізіп, тұрғындарды дер кезінде көшіргендіктен тұрғындар арасында да, құқық қорғаушылар арасында да ешкім зардап шеккен жоқ.
Ахметжан Есімов: «Қазір салық департаментінде жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын 7880 жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың бюджеттік түсімі 553 миллион теңгені құрайды. Бұл өте аз. Бір тексеру кезінде «Ақ кент» тұрғын үй кешені ықшам ауданында ғана 255 жалға беруші анықталды. Әкімшілік кодекс бойынша айыппұл көлемі 20 АЕК немесе 32 мың теңге. Ал бір бөлмелі пәтер жалға беру 80-120 мың теңге аралығында. Салық комитетіне пәтерін жалға берушілерге қатаң тексеру жүргізуге тапсырма берем. Сондай-ақ өз орынбасарыма үкіметке мұндай тіртіп бұзушылық үшін әкімшілік айыппұлды көтеру үшін құзырлы органдармен бірлесіп ұсыныс жасаумен айналысуға тапсырма берем. Бұл мемлекеттік қоржынына түспеген қаражат қана емес, тәртіп пен қауіпсіздік үшін керек», - дегенді айтты.