Өзгермейтін бір ғана нәрсе: көрерменге әрдайым қызықты болу – Jibek Joly директоры

Өзгермейтін бір ғана нәрсе: көрерменге әрдайым қызықты болу – Jibek Joly директоры
Фото: Солтон Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Екі жыл бұрын «Kazakh TV» телеарнасына ребрендинг жүргізілді және «Jibek Joly/ Silk Way» шетелде хабар тарататын жалғыз қазақстандық спутниктік телеарнасы болып қайта құрылды. БАҚ қызметкерлері күніне орай, телеарнаның басқарушы директоры Еркежан Күнтуған агенттікке сұхбат берді және жаңа маусымда қандай қызықты жобалар көрермен назарына ұсынылатынын айтып берді.

− Биыл «Jibek Joly» телеарнасына 2 жыл толады. Телеарна біртіндеп рейтингтер жинап келеді. Ал «Silk Way» мен «Silk Way Cinema» жобаларын іске қосу – эксперимент болды ма?

− Телевизия – барлық уақытта эксперимент алаңы бола бермейді, мұнымен келісетін шығарсыз. Ал оған жүгінгенде болуы мүмкін барлық салдарды мұқият бағамдау керек.

− Қазір қарасақ, тәжірибеңіз сәтті шыққан секілді?

− «Silk Way» телеарнасының жаңа форматта іске қосылғанын сәттілік деп санаймыз. Біз «Kazakh TV» телеарнасының ребрендингін жүргіздік. Бүгінде «Silk Way» шетелде хабар тарататын жалғыз қазақстандық спутниктік телеарна болып отыр. Ағылшын тілінде бірнеше бағдарлама ашылды, олар – «New time» ақпараттық-талдамалық бағдарламасы, «Reporter with President» арнайы жобасы, «Travel and comfort», «Taste Kazakhstan» бағдарламалары.

Айта кетерлігі, «Silk Way» эксклюзивті материалдарына ТАСС, CGTN, Al Jazeera, ССТV секілді әлемнің көптеген көшбасшы ақпарат құралдары сілтеме жасайды.

Қазіргі уақытта «Silk Way» алты тілде – қазақша, орысша, ағылшынша, өзбекше, қырғызша және түрікше ел аумағынан тыс жерлерде хабар таратады.

Өткен жылдың қыркүйегінде іске қосылған «Silk Way Cinema» жақын орналасқан 10-нан астам елде тәулік бойы көрсетіліп келеді. «Silk Way Cinema» арнасын қазақстандық креативті индустрияның амбассадоры деуге болады. Телеарна контенті тек қана қазақстандық өнімдерден құралған. Ең алдымен «Қазақфильмнің» алтын қорынан және республикалық телеарналарымыздан алынған кинокартиналар ұсынылады.

− Контент тақырыбына ойыссақ, «Jibek Joly» танымалдығына не әсер етті деп ойлайсыз?

− Бәрінен бұрын, басқа телеарналарда кездеспейтін бірегей жанрлардағы әлеуметтік жобалар дер едім. Әрине, мұнда «Наша история» деректі-көркем цикл фильмін айтуға болады, онда автор қазақ халқының ең көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты және беймәлім фактілерді баяндайды. Шетелдік отбасылар асырап алған қазақстандық балалардың өмірінен сыр шертетін «Шетелдегі қазақ балалары» деректі драмасы бар. Дәл осы қатарда «Ана болғым келеді» реалити-жобасы тұр. Жоба аясында ерлі-зайыптылар ЭКО бағдарламасынан өтеді. Көрермендер олардың ата-ана болуға ұмтылысындағы күресіне, үмітіне, кейде сәтсіздіктеріне куә болады.

«Орел и решка. Казахи» халықаралық travel-шоуы да ерекше назар аударуға тұрарлық. «Үкімет.Live» және «Мәжіліс.Live» жобаларында тікелей эфирде Үкімет пен Парламенттің жұмысын көрсетеміз. Атқарушы және заң шығарушы органдардың ғимаратына орнатылған мобильді студиялар өзекті мәселелерді талқылайтын ашық диалог алаңына айналды.

Жаңа маусымға жоспарларыңыз қандай? Не нәрсеге басымдық бересіздер?

− Ең алдымен контенттің сапасына басымдық бермекпіз. Түрлі жанрдағы отандық сериалдарды қазақ тілінде жарыққа шығарамыз. Мәселен, шынайы оқиғаларға негізделген «111» Juz on bir» детективті драмасы көрерменге жол тартады. Жоба 40 сериядан тұрады. Бұл – бір маусымдағы сериал өндірісі бойынша қазақстандық киноөндіріс нарығындағы рекорд. Басты рөлде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің қызметкерлері болады. 

Солтон Холдорбеков / Kazinform
Фото: Солтон Холдорбеков / Kazinform

Екінші сериал «Диван батыр» деп аталады, бұл комедиялық мелодрама, оның түсірілімі елдің оңтүстігіндегі Нағи Ілиясов атындағы табиғаты көркем ауылда өтіп жатыр. Жанрын ескерсек, сериал көрермендердің көпшілігін қуантады деп ойлаймыз. Сондай-ақ, «Тамаша» сатиралық театрын сүйіп тамашалаған аудиторияға тосынсый әзірлеудеміз. Бұл аңызға айналған театрдың, қазақ телевизиясының бірегей бағдарламасының актерлері мен авторларының шығармашылығы туралы сериал. Біздің жоспарымызда тағы бір үлкен жоба бар. Ол жөнінде Жаңа жылға қарай аңдатпа жасаймыз.

Қазіргі уақытта «Таза қала» тележобасын іске қостық, бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қолға алынды. Әзірге еліміздің 4 қаласында түсірілім жұмыстары өтті. Көрермендер оның жалғасын жаңа маусымда да көре алады.

«Jibek Joly» телеарнасы басқа республикалық арналармен қатар Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсететін болды. Бұл жұмысқа дайынсыздар ма?

− Дайынбыз. Біз көрерменімізге Париждегі олимпиадалық жарыстардың аңызға айналатын сәттері мен қызықты оқиғаларын қолжетімді етуге тырысамыз. Әрине, қазақстандық атлеттер бағдарламалардың, арнайы жаңалық шығарылымдарының кейіпкерлері болады. Қазақстан құрамасы Эйфель мұнарасының кішкене бөлшегі бар медальдарды көптеп жеңіп алады деп үміттенеміз.

Тағы айтқым келетіні, біздің техникалық мүмкіндіктеріміз әлемнің кез келген жерінде, тіпті ең қиын жағдайларда да онлайн-трансляциялардың сапасын қамтамасыз ете алады.

Сіздердің көрермендеріңіз кім?

− TNS агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта аудиториямызда 55+ жастағы буын басым. Сонымен қатар, 6-дан 17 жасқа дейінгі жас ұрпақ та біздің арнаны тамашалайды. Және мұнда өзімізге тек артықшылықтарды таптық. Шынында да, цифрлық және ақпараттық технологиялар дамыған, жастар дәстүрлі БАҚ-тан алыстап бара жатқан дәуірде олардың назарын аудару оңай емес. Жалпы, біз отбасылық телеарнамыз. Сондықтан кішкентай көрерменнен бастап, бәрінің қызығушылығын ескереміз. Бұл ретте біз барынша мобильді жұмыс істеуге тырыстық. Мысалы, көрермендер бір уақытта өздерінің сүйікті телехикаясын немесе фильмдерін көре алады және елдегі маңызды оқиғалардан хабардар болады. Басқаша айтқанда, біздің контент тек эфирмен шектелмейді, кез келген уақытта және барлық жерде қолжетімді.

Эфирдің бет-бейнесі тележүргізушілер екені белгілі. Ал олардың артында кім тұр?

− Біздің тұтас командамыз тұр. Экранда жарқырайтындар да, кадр сыртында жұмыс істейтіндер де – әрқайсысы өзінің елеулі үлесін қосады. Біздің команда әлі жас және бір орында тұрмаймыз, ізденеміз, дамимыз, үздік болуға ұмтыламыз. Тәжірибелі аға қызметкерлер ішкі тәлімгерлікті белсенді дамытуда. Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетімен ынтымақтастық аясында Халықаралық журналистика мектебінде дәрістер өткіземіз. Айтпақшы, әрқайсымызда өсуге және өз әлеуетімізді толық іске асыруға толыққанды мүмкіндік бар.

Шындығында, уақыт өзгереді, аудиторияның қызығушылығы өзгереді, біз де өзгереміз. Бір ғана нәрсе өзгеріссіз қалады – көрерменге әрдайым қызықты болу.

Соңғы жаңалықтар