Өзі аш отырып, аузындағысын жырып берді

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Минданао аралындағы Марауи мұсылмандарының тұрмысы тым жұпыны. Алайда олар жоқшылықтың зарын тартып отырса да, Филиппиндегі тайфуннан зардап шеккендерге жылу жинауға кірісті.

Өзі аш отырып, аузындағысын жырып берді

Бұл туралы muslim.kz хабарлады.

«Тайфуннан зардап шеккендермен қолындағы барымен бөліскісі келетін жағдайы әр түрлі адамдардың мейірімділігіне қалай разы болмайсың»,- деді Филиппиндегі маранао ұлысының қоғамдық жетекшілерінің бірі Самира Гуточ Mindanao Inquirer ақпарат көзіне берген сұхбатында.

«Олар жұдырықтай жұмылып, Висай аралдарындағы табиғи апаттың құрбанына айналғандардың қасіретіне ортақтаса білді. Әр ана немесе ұлы, сыныптасы немесе досы, оқытушысы немесе студент, көлік жүргізушісі немесе мектеп директоры жылу жинау орнына қолдарында барын әкеліп, хал-қадырынша көмектесіп жатыр»,-деді ол тебірене сөйлеп.

Қалтасында қаржысы жоқтар үстіндегі киімдеріне дейін шешіп беріп жатыр. Қайырымдылық шарасынан миллиондаған қаржы жиналмаса да, табиғи апаттан зардап шеккендер үшін кішкентай көмектің өзі үлкен демеу екенін айта кету керек.

Мұсылмандар мекен ететін Минданао аймағының губернаторы Муджив Хатаман тайфун құрбандарына 10 жүк көлігіне тиелген азық-түлік пен өзге де тұрмысқа қажетті заттарды аттандырғанын мәлімдеді. Осы аймақтан осымен екінші рет гуманитарлық көмек жөнелтіліп отыр.