«Өзімбілемдіктің сыры немесе қолданыстағы заңнаманы энергия өндіруші компаниялардың бұзып жатқанына кім жауап береді?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Өзімбілемдіктің сыры немесе қолданыстағы заңнаманы энергия өндіруші компаниялардың бұзып жатқанына кім жауап береді?» - БАҚ-қа шолу

***

«Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары тарифтерді қалыптастыру мен энергия өндіруші компаниялардың инвестициялық міндеттемелерін орындаулары бойынша Үкіметке қайтадан сауал жолдады»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Өзімбілемдіктің сыры немесе қолданыстағы заңнаманы энергия өндіруші компаниялардың бұзып жатқанына кім жауап береді?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, депутаттар Үкіметтен «бірқатар энергия өндіруші компаниялар министрлікпен инвестициялық келісім жасамай, электр энергиясын шек­ті тарифтер бойынша қалайша сатуда; Үкіметтің 25.03.2009 жылғы № 392 қаулысымен белгіленген энергия өндіруші компаниялардың шекті тарифтері бо­йынша, өндірілген 1000 кВт электр қуа­тына шаққандағы инвестициялық міндеттемелердің үлесі қандай ақшалай баламаны құрайды; өздеріне алынған инвестициялық міндеттемелерді орын­да­маған энергия өндіруші компаниялар қандай жауапқа тартылды және заңсыз алынған пайда қалайша өндірілді», деген сауалдарға жауап беруін сұрайды.

Бүгін осымен үшінші маусым қатарынан өтіп жатқан Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші айналымы басталады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Арландар» айқасқа дайын» деген тақырыппен мақала басылды. «Әзірше біздің команда бірде-бір кездесуінде жеңілген жоқ. Соның нәтижесінде турнир кестесінде 12 ұпаймен бірінші орында тұр. Бізден кейінгі екінші орында 9 ұпаймен «Британ арыстандары» болса, үшінші және төртінші орынды 7 ұпаймен «Дольче және Габбано Италия найзағайы» мен «Герман қырандары» бөлісуде. «Украина атамандарында» 5 ұпай болса, ең соңғы орындағы «АҚШ нокаутшыларында» - 1 ғана ұпай бар», - деп жазады басылым. Бүгін біздің былғары қолғап шеберлеріміз «Германия қырандары» боксшыларымен алғаш рет кездескелі отыр. Бұл ұжыммен өтетін кездесуге «арландар» сапында Бағдат Әлімбеков, Эрик Донован, Сергей Деревьянченко, Хрвоже Сеп пен Филипп Хргович шығады. Кездесу Ганновер қаласында өтеді. Одан кейінгі кездесуін «Астана арландары» өз алаңында 18 қаңтар күні «Украина атамандарымен» өткізеді.

***

Барынша тозығы жеткен көліктерді елге әкелуге тосқауыл қою қазақстандықтардың басым бөлігіне қатысы жоқ. Бұл жайында «Литер» басылымында жарық көрген «Старость не радость» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, таяуда ғана Қазақстанда ескі көліктерді әкелуге шектеу қоятындығы белгілі болған. Өйткені олар экологиялық заңнама талаптарына сай келмейді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген нормаға сәйкес аталған шара «Еуро-2» және одан да төмен экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерге қолданылады.