Өзін-өзі өртеген прокурордың экс-көмекшісі 3 жылға сотталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда прокурордың бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьяроваға қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шығып, ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Айыпталушы ҚР ҚК-нің 366-ыншы (пара алу) және 24-баптары (пара алуға итермелеу) бойынша сотталды. Сот Л. Смадьярованы 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, сотталушының жазасын өтеу мерзімі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жарияланған рақымшылыққа байланысты қысқартылды. Сотталушы жазасын үш жыл өтейді. Оның кәмелеттік жасқа толмаған 2005 және 2016 жылдары туған екі баласын туыстарына беру мәселесі шешімін тапқанға дейін, олар тұрғылықты мекенжайлары бойынша қамқорлық органдарына беріледі», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Еске салайық, Лейла Смадьярова 2016 жылдың тамызында үй қамаққа алынған болатын. Оған 3 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Смадьярова болса, өзіне тағылған айыппен келіспеген. 2017 жылдың 31 қаңтар күні сағат 11.30-да облыстық прокуратура ғимаратының көлік тұрағында Смадьярова өзін-өзі өртеген еді. Оның беті мен аяғын күйік шалды. Дәрігерлер әйелдің өміріне қауіптің жоқтығын айтты.
Кейін Атырау облысының прокуратурасы өз қызметкерлерінің бұл әрекетіне түсініктеме берді.