Өзін-өзі сыйлайтын мемлекет ең алдымен өзінің ұлттық дәстүрлерін насихаттайды ? Е. Қанағатов

АЛМАТЫ. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өзін-өзі сыйлайтын мемлекет ең алдымен өзінің ұлтық дәстүрі мен ұлттық спорт түрлерін насихаттап,

Өзін-өзі сыйлайтын мемлекет ең алдымен өзінің ұлттық дәстүрлерін насихаттайды ? Е. Қанағатов
елге көрсетеді. Наурыз мейрамы кезінде біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек. Ұлттық штаттық командалар дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты. «Шетелдіктер біздің кейбір ұлттық спортымызды көргеннен кейін неге оны халықаралық дәрежеге шығармайсыздар деп бізден жиі сұрайды. Қазір біздің дирекцияда ұлттық спорт түрлеріне арналған жоспар бар. Олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен кемінде 10 миллион теңгеден бөлініп отыр. Оған ұлттық спорт түрлері қауымдастықтары мен демеушілер тарапынан да қомақты қаржы жұмсалуда.Соңғы жылдары өз мүмкіндігімізге қарай кейбір ұлттық спорт түрлерін шетелге шығару мәселесі қолға алынып жатыр. Мәселен, қазақ күресінен Азия, Еуропа және Әлем чемпионаттары өткізілуде. Ұлттық ат спорты ойындары да жақсы дамып келе жатыр. Бәйге, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сияқты спорт түрлерінен республикалық қана емес, халықаралық дәрежедегі жарыстар да ұйымдастырылуда. Ұлттық телеарна көкпардан өткізілген Қазақстан чемпионатынан репортаждар жүргізіп келеді», - дейді Елсияр Қанағатов. Оның айтуынша, бұл істерге тоқмейілсуге болмайды. Ұлттық спорт түрлерін дамытуда мемлекетке ғана үміт артпай, әр азамат оған өз үлесін қосуды парыз деп санағаны жөн. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Наурыз сияқты мейрамдарда спорт түрлерінен өтетін жарыстардың қызықты да мазмұнды өтуі үшін белсене атсалысу керек.