«Өзін-өзі тану» бағдарламасын білім беру бағдарламасына енгізу арманым еді - С. Назарбаева
СТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Осыдан он жыл бұрын мен «Өзін-өзі тану» курсын оқи бастадым. Көп ұзамай, оның қоғамдық қажеттілігін тереңдей түсініп, отандық білім беру бағдарламасына енгізуді армандадым.
Бүгін Еуразия ұлттық университетінде басталған «Үшінші онжылдықтағы білім беру: жанұя, мектеп, қоғам» тақырыбындағы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының төртінші секциясында сөз сөйлеген Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» қайырымдылық қорының жетекшісі Сара Назарбаева осылай айтты.
«Мінеки, менің бұл арманым орындалды. Бүгінгі таңда біздің қоғам «Өзін-өзі тану» пәнінің маңыздылығын түсінді. Республикадағы барлық мектептерде аталған пән арнайы оқыту сабағы ретінде енгізіліп отыр. Әрине, осы үшін ел басшылығына, Үкіметке және бұл бағдарламаны насихатауға атсалысқан барлық азаматтарға шексіз алғысымды айтамын», - деді С.Назарбаева.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махмедқали Сарыбеков хабарлағандай, бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» пәні еліміздің барлық орта білім беру ошақтарында, яғни республика бойынша 7 525 мектепте бөлек пән ретінде енгізілді. Сондай-ақ аталған пән кәсіби және жоғары білім беру орындарында оқытылады.