Өзін-өзі жоятын смартфондар таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Boeing компаниясы тұтынушының мәліметтерін қорғау мақсатында өзін-өзі жоя алатын қызметі бар Black смартфонын таныстырды, деп хабарлады gazeta.ru.
Аталмыш смартфон қоңырауларды шифрлеп, телефонның корпусын ашуға әрекеттенген кезде ондағы барлық мәліметтерді жойып, құралды істен шығара алады. Жалпы, бұл телефондар құпия мәліметтерге рұқсаты бар арнайы күш-құрылымдардың қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Ол смартфонды дайындау үшін Boeing компаниясы 36 ай жұмсаған екен.
Телефон АҚШ-та жасалған. Өлшемі (5,2х2,7 дюйм) жағынан ол Apple компаниясының iPhone құралынан сәл үлкен. Android операциялық жүйесі бар смартфон WCDMA, GSM және LTE желілерінде екі SIM-картамен жұмыс істей алады.
Әзірге Boeing Black смартфонының бағасы мен оны сатылымға шығару уақыты белгісіз. Алайда, компания аталмыш телефондарды әлеуетті сатып алушыларға ұсынылып жатқанын мәлімдеді.