Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздардың қатарына жатқызылатын болады - Б. Нұрымбетов

Комитет отырысында «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасы талқыланған болатын. Заң жобасы біріншіден, жаңа Еңбек кодексінің, көші-қон туралы және міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнамалардың күшіне енумен қатар, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына көшуге байланысты әзірленіп отыр. Бұнымен қоса, қолданыстағы жұмыспен қамту туралы заңнама 2001 жылы қабылданғандықтан, ондағы нормалар жаңа заманауи талаптарға сай келмейді.
Вице-министрдің айтуынша, құжатта көзделген басты мақсат - Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
«Осыған байланысты Қазақстан дамыған елдердің стандарттарына біртіндеп көше бастайды. Бұл ретте Халықаралық еңбек ұйымының заманауи ұстанымдары бойынша еңбек нарығындағы көрсеткіштерге өзгерістер енгізіледі. Мәселен, біз бірінші кезекте еңбек нарығында қолданылатын атауларды ауыстыратын боламыз. Бұған сәйкес, қазір қолданылып жүрген «экономикалық тұрғыдан белсенді халық» терминін «жұмыс күші» деп атайтын боламыз. Ал «экономикалық тұрғыдан енжар халық» «жұмыс күшіне енбейтіндер» деп аталады. Мағынасына келсек, бізде жұмыспен қамтылған азаматтар ішінде «жалдамалы жұмысшылар», «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген топтар бар. Бұлар да жаңа талапқа сәйкес өзгеретін болады», - деді Б. Нұрымбетов.
Оның айтуынша, жаңа көрсеткіштерге сәйкес, «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» санатының аражігі ажыратылады. Мәселен, аталған санаттың ішінде жеке қосалқы шаруашылығында өндіріспен айналыспайтын, одан пайда таппайтындар бар. «Жаңа талап бойынша бұл азаматтар жұмыспен қамтылғандардың қатарынан шығарылып, олар не «жұмыссыз» не болмаса «жұмыс күшіне енбейтін тұлғалар» деген санатқа жатқызылатын болады», - деді Б. Нұрымбетов.