Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тиімді пайдаланылса ЖІӨ өсімін 4,5% арттыруға болады - Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев еңбек күшін тиімді басқару экономикалық өсімді қамтамасыз ету тетігі деп есептейді.
None
None

Оның айтуынша Қазақстанда 2,5 млн адам өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Осының ішінде 500 мың адам шағын бизнеспен тұрақты айналысады. Олардың санын көбейтудің бірден бір жолы - микрокредиттеу. Келесі бөлігі - маусымдық жұмысшылар. Ауыл-шаруашылығы, құрылыс саласында. Бұл санаттағы жұмыс күші сұранысқа ие болу үшін, кәсіби тұрғыда біліктілік керек. 2017-ші жылдан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру басталады.

Соңғы үшінші бөлігі ауыл тұрғындары. Оларға өз өнімін нарыққа өткізу - қиындау. Нарықтық қатынасты дамыту үшін инфрақұрылым қажет. Қазіргі уақытта ауыл-шаруашылығы министрлігі шикізат қабылдайтын қызмет көрсетуші кооперативтер ұйымдастыруды қолға алды. Сүт, ет, тері алғашқы өңдеуден өткен соң, зауыттарға жөнелтіледі.

Осы мәселені министрлік MacKinsey компаниясымен талқылаған. Олардың есебінше егер өзін-өзі еңбекпен қамтушы тұрғындардың өндірістік өнімділігін 80 пайызға дейін жеткізілсе, алдағы 5 жылда мұнай мен газды қоспағанда, олар ЖІӨ өсімін 4-4,5%-ға қамтамасыз етеді.

«Экономикалық өсім үшін, қаржылық, материалдық, жер, еңбек т.б ресурстар қажет. Мысалы 2000-жылдары мұнай компанияларының ашылуымен күрт өсім байқалды. Әрине, дамыған елдер жаңа технолгияларға бетбұрыс жасап, басымдық береді. Бұл тұста Қазақстан өз артықшылығын ұтымды пайдалануы тиіс. Айналымға жаңа ресурстар енгізу қажет. Мысалы бізде 2 млн га суармалы егін шаруашылығы алқаптары болды. Соңғы 10 жылда көбісі қолданыстан шығып қалды. 1 гектар суармалы егістіктен түсетін, өнім қырдағы егістіктен бірнеше есеге артық. Осыны қайта қолға алу керек. Экономикалық айналымға енгізу үшін, инвестиция тарту керек», - деп атап өтті министр Бишімбаев Forbes Kazakhstan журналына берген сұхбатында.  

Соңғы жаңалықтар