«Өзің үшін маңызды, елің үшін маңызды!» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының Бюро отырысы болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Міндеттер белгіленді» деген тақырыптағы ақпаратында. Отырысты аша келіп, Сенат Төрағасы Қ.Мәми жаңа жылдағы депутаттық корпустың алдында тұрған міндеттерді белгіледі. «Парламент Сенаты Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету, мемлекет саясатының басым бағыттарын құқықтық тұрғыда қолдау бойынша жұмыс істеуі тиіс», - деп атап өткен Қ.Мәми. Қазіргі кезде Сенаттың қарамағында 25 заң жобасы бар екені айтылды. Сондай-ақ биылғы наурыз айында Алматыда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық отырысы, ал мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі болатынын хабардар етті.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Алматы қаласында «Өзің үшін маңызды, елің үшін маңызды!» атты акция өтті. Бұл шара барысында қала жастары Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихатқа депутаттарды сайлау бойынша пайдалы және маңызды ақпараттар алды. Іс-шара барысында әртүрлі байқаулар мен танымдық викториналар өтті. Акцияның мақсаты қандай да бір кандидатқа дауыс беру емес, керісінше, жастардың арасында электоралды сауаттылықты көтеру болып табылды. «Мұндай шаралар еліміздің басқа да бірқатар облыс орталықтарында ұйымдастырылды. Мәселен, кеше кешкісін Қостанай қаласындағы «Сфера» түнгі клубында «Өзің үшін маңызды, елің үшін маңызды!» деген қоғам мен жастар дискотекасы болып өтті. Оны облыстық «ГрИн» Азаматтық альянсы Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырды», - деп жазады басылым.
***
«ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша ТМД байқаушыларының миссиясы штабының басшысы Евгений Слободамен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында Бас прокурор сайлау барысы заңдылығының жай-күйі туралы шолуды ұсынып, сондай-ақ прокуратура органдарының сайлау кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалау бойынша жүргізіп жатқан жұмыс, оның ішінде сайлау заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау мен оларды болдырмау бойынша қолданып отырған шаралары туралы ақпараттарды ортаға салды.
***
«Екібастұзда Қазақстан глобусы пайда болды», - деп жазады «Литер» газеті. Басқа глобустарға қарағанда Қостанай облысында орнатылған бұл өнер туындысының ерекшелігі онда Қазақ елі барынша үлкен бейнеленген. Аталған туындының авторы екібастұздық мүсінші Ғамал Сағиденов оған Бейбітшілік пен келісім мүсіні деп ат қойған.
***
«Караван» газетінің жазуынша, 12 қаңтар күні Алматыда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай оның тұрған пәтерінде мұражай ашылмақ. Мұражай Төлебаев көшесіндегі 119 үйдің үш бөлмелі пәтерінде орналасады. Бұл жерде Д.Қонаев жұбайы Зухра Шәріповамен 1969 жылдан бастап 1993 жылға дейін тұрған болатын. Мұражайға келушілер отбасы коллекциясындағы көптеген сыйлықтармен, естелік заттармен таныс бола алады. Толығырақ басылымның бүгінгі санында «Квартира Кунаева - вход разрешен» деген мақаладан оқып біле аласыздар.