Өзіңді бақытты етудің амалдары да бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Майо емханасының дәрігері Амит Соодтың айтуынша, бақыт үшін ақша, денсаулық немесе табыс қажет емес. Бақытқа апарар жол - ғалымдардың 10 аптаға бөліп, жасап шығарған төрт сатылы бағдарлама.
Амит Соод бақыттың 40-50 пайызы адам жасаған таңдауына және нені көздеп тұрғанына байланысты екеніне сенімді, деп баяндайды The Daily Mail.
Одан бұрын өткізілген зерттеулер адам миы жағымсыздықты байқау үшін бағдарламаланып қойылғанын көрсетті. Қазіргі заманғы адамдардың бабаларына тірі қалуға көмектескен осы. Амит Соодтың пікірінше, өмірге көзқарасты өзгерту бақыт деңгейін айтарлықтай өсіруге септігін тигізе алады. Маманның бағдарламасы 4 сатыдан тұрады.
Бірінші қадам - ойларды қадағалап отыруға көмектесетін жаттығу. Ғалым 5-3-2 техникасын қолдануды ұсынып отыр. Ұйқыдан оянған соң, бірінші кезекте өмірлеріңізге маңызды орын алатын бес адам туралы ойлау керек. Жақын адамдармен кездесудің алғашқы үш минутында оларды көптен бері көрмегендей амандасу қажет. Және адамды көрген сәтте алғашқы екі секундта оған ойша бар жақсылықты тілеңіз. Екінші қадам - алғыс, рақымдылық, қабылдау және кешіру арқылы эмоциялық тұрақтылықты дамыту.
Үшінші қадам - оқу, жаттығу, музыка, өнер, ғибадат ету, медитациялау және йоганың көмегімен сана мен дененің арасындағы байланысты нығайту. Төртінші қадам - салауатты өмір салты және жақсы әдеттер, атап айтқанда, физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтану. Сондай-ақ Амит Соод өмірге қарапайым қарауға кеңес береді. Маман бағдарламаның небәрі он аптасының ішінде ойлаудың түбегейлі өзгере түсетінін айтады.