Өзімді ақтағым келмейді: Актер Шәріп Серік мәлімдеме жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сүйіктісін ұрды деп айыпталған қазақстандық актер Шәріп Серік жасаған әрекеті үшін кешірім сұрады.

Актер өзінің видео үндеуін nstagram-дағы парақшасында жариялады.
— Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын. Өкінішке қарай, менің Әлия Бутееваны лифтіден дөрекі түрде сүйреп шығарған видеоны көрдіңіздер. Өзімді ақтағым келмейді. Мен қателікке бой алдырдым және заң алдында жауап беруге дайынмын. Көпшілігіңіз ұрсысып қалған кезінде қатты ашуланған боларсыздар. Бірақ мен сіздерден өтініп сұрарым — менің қателігімді қайталамаңыздар, ешқашан қол көтермеңіздер. Мен Әлияны бетінен шапалақпен ұрдым. Осы әрекетім үшін одан, оның отбасынан кешірім сұраймын, — деді ол.
Осыған дейін Алматы тұрғыны Әлия Бөтеева әлеуметтік желіде актер Шәріп Серіктің қол көтергенін айтып, дәлел ретінде видео мен суреттер жариялаған болатын.
Алматы Полициясы аталған дерекке қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.