Өзіме мұз және жылдамдық өте ұнайды – Абзал Әжіғалиев
АСТАНА. KAZINFORM – Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа маусымды Канаданың Монреаль қаласында бастап, әлемдік турдың (әлем кубогы қазір солай аталады) алғашқы кезеңінде өнер көрсетті. Әлемдік турдың екінші кезеңі 1-3 қараша аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтеді. Ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Абзал Әжіғалиев үшін бұл қаланың орны ерекше. Өйткені 2016 жылы Абзал қазақстандықтар арасынан алғаш рет әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған еді. Kazinform тілшісі биыл үлкен спортқа қайта оралған шорттрекшімен хабарласып, бірнеше сауал қойған еді.
- Абзал, Батыс Қазақстан облысында туып-өсіп, қазіргі кезде Астана қаласы атынан өнер көрсетіп жүрсің. Осы шорт-трек спортына қалай келдің, алдымен соған тоқталсаң?
- Бірнеше спорт түрінде бағымды сынап көрдім. Бірақ соңында шорт-тректі таңдадым. Өйткені өзіме мұз және жылдамдық өте ұнайды. Ол кезде танымал емес спорт түрі болған соң, шорт-трекке қатты қызықтым. Алғашқы жаттығудан кейін-ақ осы спорттан жақсы нәтиже шығады деген сенім болды.
- Иә, ол сенім ақталды. Кезінде ұлттық құрама тізгінін ұстаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің талантты шәкірттерінің бірісің? Қазір ұлттық құрамада жағдай қалай, кімнің қоластында жаттығудасың?
- Бұған дейін АҚШ және Нидерланд құрамаларында бапкер болған. Шетелдік маманның да жаттықтыруы өз жемісін береді деп ойлаймын. Өйткені құрамада тісқаққан спортшылармен қатар жастар да баршылық.
- Биыл үлкен спортқа қайта оралып, Қазақстан чемпионатында табысты өнер көрсетіп, ұлттық құрамаға қосылдың. Неліктен үзіліс болды?
- Иә, 1,5 жыл үзілістен кейін спортқа оралдым. Себебі Корея елінде олимпиада чемпиондарымен бірге жаттығу жасап, тәжірибе алмастым. Бұл уақытым да текке кеткен жоқ деп есептеймін.
- 2016 жылы әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атандың. Одан кейін де біраз биікті бағындырдың. Енді сондай нәтижеге әлем чемпионатында қол жеткізуге мүмкіндік болады ма?
- Әрине, болады. Сол мақсатыма жетпей, спортты қоймаймын. Алдағы жылы наурызда Бейжіңде әлем чемпионаты өтеді. Сол біз үшін басты жарыстардың бірі болмақ.
- Осыған дейін үш олимпиада ойындарына қатыстың. Әсіресе, Сочиде эстафетада медальға жақын болдыңдар. 2022 жылы Бейжіңде төртінші орынға табан тіредің. Екі жылдан кейін олимпиадада бақ сынайсың ба?
- Олимпиада ойындарында орын алу – бала кезден бергі арманым. Бұйырса, сол мақсатыма жетсем деймін.
- Жаңа маусымда қандай мақсат көздеп отырсың?
- Жаңа маусымда шеберлігімізді шыңдай отырып, төрт жылда бір рет өтетін Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінуді меже етіп қойдым. Азия ойындары соңғы рет 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткені мәлім. Енді 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында болмақшы. Осындай айтулы додаларда ел намысын абыроймен қорғай білсек, одан асқан бақыт жоқ.
- Әңгімеңе рахмет. Алдағы жарыстарда табыс тілеймін.