Өзін 14 жастамын деп таныстырған ер адам қыздардан интимдік фото сұратқан

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте балалармен интернетте танысып, интимдік фото сұратқан ер адам анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Өзін 14 жастағы ретінде таныстырған ер адам балалардан интимдік фото сұратқан
Фото: ҚР ІІМ

ІІМ қызметкерлері Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттерге күдікті ер адамды анықтап, ұстады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам интернет-мессенджерлер арқылы 10 жастан 12 жасқа дейінгі балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған. Олардың сеніміне кіріп, интернетте сөйлесуді жалғастырған. 

— Анықталған жағдайлардың бірінде ер адам қызбен онлайн ойын арқылы танысып, оның телефон нөмірін сұрап алып, WhatsApp-та хат алмасқан. Түрлі сылтаулармен сөйлесу барысында ол жасөспірімнен интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбаларды жіберуді сұраған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайы нақтылануда, сондай-ақ ер адамның басқа да осыған ұқсас фактілерге қатысуы тексеріліп жатыр, — деді полицейлер.

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, олардың әлеуметтік желідегі, онлайн ойындардағы және мессенджерлердегі байланысын бақылауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіруге шақырады.

Бұған дейін педофилдікке оқталғандарға қандай жаза қарастырылғанын жазғанбыз.