Өзіне сенімсіз, ашушаң адамнан үнемі күліп жүретін бақытты жанға айналдым – 30 келі салмақ тастаған әйел

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде артық салмақтан зардап шегіп жүргендер саны жыл өткен сайын артып барады. Тіпті семіздікке шалдыққан балалар да күрт көбейген. Осы ретте, Kazinform тілшісі диетолог Айым Касембаевамен сұхбат құрып, көпті толғандырған сұрақтарға жауап алып көрді. Оның өзі қысқа уақыт ішінде артық салмақтан арылып, өмірін түбегейлі өзгерткен.

Айым Касембаева
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Адам диетаны қалай ұстағаны дұрыс?

- Өз басым «диета» деген сөзді құптамаймын. Себебі диета дегеніміз белгілі бір уақытқа, белгілі бір мөлшерге негізделген. Диета ұстаған адам тамақтан бас тартып, ашығып жүреді. Одан кейін арада біраз уақыт өткенде бас тартқан тағамдарын қайтадан қомағайлана жей бастайды. Осылайша, ол тастаған салмағынан 2-3 есе көп келі қосып алады. Сондықтан өзім дұрыс тамақтану сөзін қолданамын.

- Өзіңіз 30 келі салмақ тастаған екенсіз. Бұған қанша уақыт кетті?

- Салмағым 106 келі болды. Өзімді жасы біразға келіп қалған кісідей сезінетінмін. Психологиялық тұрғыда да өте ауыр болды. Ешқайда шыққым келмейтін. Ұялатынмын. Сәл жүрсем белім сыздап, аяғым қақсап, сүмек терге малынатынмын. Алдымдағы ас-суды қырт еткізіп тістеп, қылт еткізіп жұта беретінмін. Түрлі аурулардың барлығы дерлік артық салмақтан екен.

арықтау
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Одан кейін берілмеймін, күресемін деп шештім. Диета ұстадым. Таңертең қарақұмық жеп, еттен бас тартып, түсте айран ішіп, кешкі 6-дан кейін тамақты мүлде татып алмай жүрдім. Басқа да диетаның түрлерін көрдім. Бірақ нәтиже болмады. Әйтеуір, диетологтармен кеңесіп, дұрыс тамақтанудың жолын білгеннен кейін ғана артық салмақтан арыла бастадым. Бір жылдың ішінде 30 келі салмақ тастадым. Осындағы 20 келіден 3 айда арылдым. Шын ниет пен ерен еңбек болса бәрі мүмкін екеніне көзім жетті!

Адамдардың көбі артық салмақтан құтылғысы келгенмен, қиналғысы келмейді. Психологтарға, массажға барып жатады. Бірақ негізінен салмақ тастаудың 80 пайызы – тамақтануға байланысты. Ал қалған 20 пайызы – спорттан. Ең әуелі таңғы астан бастаймыз. Таңертең міндетті түрде тамақтану қажет.

Күн сайын 18.00-ге дейін 2 литрден астам су ішуіміз керек. Адам денесінің 70-75 пайызы судан тұрады. Бір тәуліктегі қимыл-қозғалыстан, сөйлегеннен ағзадағы 1,7 литр су жоғалады. Оның орнын толықтырып отыруға тиіспіз. Тағы бір маңызды жайт – ұйқы. 23.00 мен 01.00 аралығы – сұлулық ұйқысы деп аталады. Сол аралықта ұйқыға бас қойыңыз. Күніне 7 сағаттан кем ұйықтамаңыз. Себебі ұйықтаған кезде ағзамыз тынығып, артық салмақпен өзі күреседі.

Ал етті жеген дұрыс. «Аз тамақ ішсем салмақты тез тастаймын» деп ойлайтындар бар. Бұл жаңсақ пікір. Қолымыздың екі алақаны көлемінде пайдалы ингредиенттерден жасалған салатты, бір алақан мөлшерінде ақ етті, яғни балықтың, тауықтың етін жейміз. Гарнирді керісінше, өте аз жеуіміз керек. Семіздікті жеңемін деген адамға газдалған сусындарды, картопты, күрішті, тәттілерді, жемістерден банан мен жүзімді біраз уақыт бойы жемеуге кеңес беремін. Бір стақан газдалған судың колориясын ағзамыздан шығару үшін 10 мың қадам жасауымыз керек екен. Бірнеше стақан ішсеңіз, қанша зиян келетінін осыдан-ақ ойлай беріңіз.

арықтау
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ата-анасы баласына үлгі бола білуі қажет. Шоколад бере бергенше түрлі жеміс-жидек, көкөніс алыңыз. Бала жемейді емес, жейді. Пайдасы көп. Су ішіп жүруді үйретіңіз. Перзентіңіздің көзінше спортпен айналысыңыз. Бәрін өзіңізден бастасаңыз, бауыр еті балаңыз да артық салмақтан зардап шекпейді.

- Диета ұстауды бастай алмай жүргендерге қандай кеңес айтасыз?

- Өзіңізге нақты мақсат қойыңыз. Жалқаулықты жеңіп, сол мақсатқа жету үшін барыңызды салыңыз.

- Өзіңіз артық салмақтан арылғаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді?

- Күрт өзгерді. Өз-өзіне сенімсіз, ылғи тамақты ойлайтын, ашушаң адамнан үнемі күліп жүретін, ашық, ең бастысы бақытты жанға айналдым. Имиджімді өзгертіп, айналаға басқалай қарайтын болдым. Өмір деген ғажап қой, шіркін! Бұрын басқа әлемде жүргендей екенмін. Өзіңді жеңіл, әдемі сезіну деген керемет сезім.

азу
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Баяғыда дүкенге барғанда соңғы өлшемдерді сұрайтынмын. Өлшемі өскен сайын киімнің бағасы да қымбатырақ. Сатушылардың «Сізге келетін өлшем жоқ» деген сөзі жүрегіме инедей қадалатын. Ал қазір дүкенге қуана-қуана барамын. «Осыны киіп көріңізші. Мына киім сізге жарасатын секілді» деп сатушылар қаумалағанда қайсысын киерімді де білмей қаламын.

Сол үшін артық салмағы бар әйелдерді ешқашан берілмеуге шақырамын! Өзіңізді өзгертсеңіз, өміріңіз өзгереді!

- Әңгімеңізге көп рахмет!