P. Diddy түрмеден мерзімінен бұрын босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералдық түрмелер бюросы жаңартқан дерекке сәйкес, P. Diddy деген лақап атпен танымал америкалық рэпер және продюсер Шон Комбс 2028 жылғы 5 ақпанда түрмеден босатылады. Бұл туралы Kazinform USA Today басылымына сілтеме жасап хабарлады.
56 жастағы рэпер Нью-Джерсидегі түрмеде 50 айлық федералдық жазасын өтеп жатыр. Оның бостандыққа шығу күні бұған дейін бірнеше рет өзгерген.
Шон Комбс бастапқыда 2028 жылғы 8 мамырда бостандыққа шығуға тиіс еді. Алайда оның босатылу мерзімі бірнеше рет өзгертілді. Федералдық түрмелер бюросының дерекқорында Шон Комбстың бостандыққа шығу мерзімі енді 2028 жылғы 5 ақпан деп көрсетіліп отыр.
Жаза мерзімінің өзгеруіне сотталушының тәртібі, қамауда өткізген уақыты және қайта қылмыс жасау қаупін төмендетуге бағытталған арнайы бағдарламаларға қатысуы себеп болуы мүмкін.
P. Diddy соңғы 25 жылда алғаш рет ішімдік пен есірткіден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанып жүргенін айтты. Қазір ол терапиядан өтіп, өзге сотталғандарға тәлімгерлік ететін бағдарламаны іске қосқан.
2025 жылғы шілдеде алқабилер соты Шон Комбсты жезөкшелік мақсатында адамдарды тасымалдауға қатысты екі бап бойынша кінәлі деп таныды. Сотта бірнеше әйелді, соның ішінде оның бұрынғы сүйіктісі Кассандра «Кэсси» Вентура Файн мен «Джейн» лақап атымен танымал әйелді тасымалдау фактісі қаралды.
Алайда сексуалдық құлдық және қылмыстық сөз байласуды ұйымдастыруға қатысты неғұрлым ауыр айыптар бойынша P. Diddy кінәлі деп танылған жоқ. Рэпер өзіне тағылған сексуалдық сипаттағы айыптарды жоққа шығарып, ісін қайта қарауды талап етіп келеді.
2025 жылғы қыркүйекте АҚШ прокуратурасы P. Diddy-ге 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұған дейін Трамп рэпердің өзіне рақымшылық жасауын өтінгенін растады.