Пабло Пикассоның картиналарын немересі 290 млн долларға сатпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі испандық суретші Пабло Пикассоның немересі Марина оған мұрагерлікке өткен Паблоның картиналарын құпия түрде 290 миллион долларға сатпақ.
New York Post газеті атап өткендей, Марина Пикассо суретшінің балерина Ольга Хохловамен некеге тұрған үлкен ұлының қызы. Ол өзінің жекеменшік коллекциясынан атақты испандықтың кем дегенде жеті туындысын сатпақ. Атап айтқанда, суретшінің немересі 1923 жылғы «Әйел портреті» (Ольга) картинасын 60 миллионға, 1921 жылғы «Ана» картинасын 54 миллион долларға сату жайында келіссөз жүргізуде.
Суретшінің туысы Женевада ақшалы сатып алушылармен жеке кездесу өткізіп, туындыларды сатумен өзі айналысуда. Картинадан басқа, ол Каннадағы суретшінің атақты вилласын сатуды жоспарлауда.