Пациенттерге дәрі-дәрмекті таңдау мүмкіндігі берілмек
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева аталған заң жобасының кейбір тармақтарын түсіндіріп берді.
«Пациент әсер етуші заттары дәл сондай өзге перпаратты таңдай алады. Емделуші дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен нақты құны арасындағы айырманы өзі төлейді. Ал бүгінгі күні ол шектеулі. Егер дәрі емделушінің көңілінен шықпаса, онда ол өзгесін толық құнын төлеп сатып алуы қажет. Үлгі амбулаторлық тегін дәрілік қамтасыз ету аясында келтіріліген. Бұл норма дәрімен қамтамасыз ету қолжетімділігін жақсартады деп болжаймыз», - деді ол.
Оның айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жедел медициналық көмек пен санитарлық авиацияны, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті, жедел стационарлық көмекті қамтиды. Мұнан бөлек, негізгі созылмалы аурулар барысында да медициналық көмек тегін көрсетіледі.
Сонымен қатар, оның айтуынша, заң жобасында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпордардың байқаушылар кеңесінің өкілеттігін кеңейту, алқалық атқарушы органдар мен ішкі аудит қызметін енгізу көзделеді. Денсаулық сақтау министрлігіне денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың бірыңғай перспективалы жоспарын құру ережесін әзірлеу және бекіту бойынша құзірет беру де қарастырылады.
«Заң жобасында медициналық білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестік институтын енгізу, медицинадағы ғылыми қызметті жетілдіру, ғылыми-педагогикалық кадрларды, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарын бағалау жүйесін, сондай-ақ медициналық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау тәртібін енгізу көзделеді», - деді Ләззат Ақтаева.