Паделден Азия кубогы: Қазақстандық жастар алғаш рет үздік үштікке ілікті
АСТАНА. KAZINFORM — Джакарта қаласында (Индонезия) паделден жасөспірімдер арасында Азия кубогы өтіп, онда 17 ұлттық құрама өкілдері бақ сынады.
Бұл осындай деңгейдегі екінші жарыс еді. Бастапқы турнир 2024 жылы Бахрейнде өткен еді.
Қазақстандық құрама додаға алғаш рет қатысқанына қарамастан, жоғары деңгейден көріне білді. Азия кубогы барысында Қазақстан құрамасы Қатар, БАӘ, Малайзия, Оман және Ливан командаларын қапы қалдырды.
Қазақстандықтар жарыстың болашақ финалистері Иран мен Кувейтке қана есе жіберді.
Үшінші орын үшін бәсекеде ұлттық құрама жеңіске деген жігерін танытып, Сауд Арабиясын 2:1 есебімен жеңді.
Иран чемпион атанса, Кувейт күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қазақстан ұлттық падел федерациясының президенті Арслан Абылғазин жастар құрамасының табысын атап өтіп, бапкерлер штабына алғыс айтты.
- Бұл – қазақстандық падел үшін тарихи оқиға. Жасөспірімдеріміздің Азия кубогында тұңғыш рет өнер көрсетіп, бірден қола жүлде жеңіп алуы – үлкен нәтиже. Бұл біздің спорт түрінің болашағы бар екенін, талантты жастар өсіп келе жатқанын көрсетеді, - деді А.Абылғазин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын паделден Азия кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының үш кездесуін жеңіспен аяқтағанын жазған едік.