Пак Кын Хе импичменті: Корея мен Қазақстан қатынасына әсері қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Дулат Бақышев президент Пак Кын Хеге импичмент процесі кезеңінде екі елдің өзара қарым-қатынасына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пак Кын Хе импичменті: Корея мен Қазақстан қатынасына әсері қандай

«Корей Республикасының президентіне импичмент екіжақты қатынастарға ешқандай да әсер етпейді, себебі қазіргі кезде елдің премьер-министрі президенттің міндеттерін орындап жатыр. Жақын арада сайлау өтеді және жаңа команда болады. Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі Қазақстанмен, сондай-ақ барша әлеммен байланыстарда ешқандай проблема болмайтынына сендірді»,-деді Бақышев.

Бұдан бұрын хабарланғандай , Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Пак Кын Хеге жарияланған импичментті мақұлдады. Осылайша, 10 наурыз оның мемлекет басшысы ретіндегі соңғы күні болды. Заңға сәйкес, мерзімнен тыс жаңа президенттік сайлау 60 күн ішінде өтуі тиіс, күнтізбелік есеп бойынша, сайлау шамамен 9 мамырда болады.

Бұл даулы іске президенттің жақын құрбысы Цой Сун Сильді себепші болды. Цой саяси ықпалды пайдаланып, ірі кореялық компанияларға қысым жасап, алымдар жинаған, сондай-ақ ол тиесілі қорлар есепшоттарына ақша аударуға мәжбүрледі деп айыпталуда. Тергеу нұсқасына қарағанда, Пак құрбысының астыртын әрекеттерінен хабардар болған.