Пәкістан «Google»-ді жаппақ

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Пәкістан билігі Google корпорациясының барлық қызмет түрлеріне тыйым салуды көздеп отыр. Ел билігінің мұндай қадамға баруына YouTube бейнепорталының контенті себеп болғанын айта кету керек. Ғаламтор алқабының өкілдері бұған қатысты әзірге үн қатқан жоқ. Бұл жайында «Infox.ru» хабар таратты.

Пәкістан «Google»-ді жаппақ

Пәкістанның жаңа тағайындалған ақпараттық технология министрі Ануш Рахман Ханның мәлімдеуінше, YouTube-те қисынсыз әрі анайы бейнежазбалар өріп жүр. «Жоғары лауазымды тұлғаның айтуынша, мұндай бейнежазбалар алынып тасталмаса, Пәкістан аумағында Google-дің барлық жобаларына тыйым салынатын болады»,-деп жазады muslim.kz.

Бір айта кетерлігі, Пәкістан тарапы YouTube контентінің сапасына бірінші рет сын айтып отырған жоқ. Өткен жылдың қыркүйек айында әлемді дүрліктірген «Мұсылман пәктігі» атты дауға қалған фильмге байланысты аталмыш бейнепорталға тыйым салынған еді. Ал 2008 жылы Пәкістан билігі мұсылмандарды жөнсіз қаралайтын бейнежазбалар көптеп кездесетіндіктен YouTube-ке ел аумағында тыйым салмақ болғанын айта кету керек.