Пәкістан президенті, премьер-министрі және СІМ басшысы ұшақ апатына байланысты көңіл айтты

None
None
ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат – Пәкістанның Президенті Ариф Алви, осы елдің премьер-министрі Имран Хан және сыртқы істер министрі Шах Мехмуд Куреши Алматы маңында болған ұшақ апатына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Пәкістан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі Алматы маңында 12 адам мерт болған және бірнеше ондаған жан зардап шеккен ұшақ апатына байланысты көңіл айтты.

Көңіл айту хабарламасында Пәкістан президенті пен премьер-министрі Қазақстан халқы мен үкіметіне өздерінің орны толмас қайғыға ортақтасатындығын жеткізген. Апаттан зардап шеккендер мен жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестіктерін білдірген.

Айта кетейік, кеше таңғы мезгілде Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар