Пәкістан Үкіметі Қазақстан Елшілігіне коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмекті табыстады

ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат - Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Исламабадтағы Елшілігіне коронавирус індетін емдеу кезінде пайдаланылатын гидроксихлорохиннің 60 мың таблеткасын табыстады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пәкістан Үкіметі Қазақстан Елшілігіне коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмекті табыстады

«Дәрі-дәрмектер жуық арада Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі және медициналық мекемелер арасында тарату үшін бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-ға табысталады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бауырлас Пәкістан халқы мен үкіметіне достық ниеті мен ишараты үшін алғыс білдіреді және бұл елдеріміз арасындағы ынтымақтастық рухына сәйкес келеді», - делінген министрлік мәліметінде.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған дәрі ұсынғаны үшін Пәкістан Үкіметіне және Премьер-министр Имран Ханға алғыс білдірген болатын.