Пәкістанда әскери автоколоннаны жарып жіберді: 20 сарбаз қаза тапты
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Пәкістандағы әскерилендірілген автоколоннаның жарылуы нәтижесінде 20-ға жуық әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлады РБК. 30-дан астам адам жарақат алды.
Автоколоннаға шабуыл Ауғанстан шекарасында орналасқан Солтүстік Вазиристан өңіріндегі Банну қаласына кіреберіс жерде болған. Оқиға орнын полицейлер жарылыс себептерін анықтау үшін қоршауға алды.
Шабуылға жауапкершілікті пәкістандық тәлібтер өз мойындарына алды. Қозғалыс өкілдері бұдан бұрын қауіпсіздік күшіне шабуылды күшейтетіндіктерін мәлім еткен болатын.
17 қаңтарда Пәкістанмен көрші Ауғанстанда ірі лаңкестік орын алды. Кабулдың дипломатиялық ауданында лаңкес әдетте шетелдіктер мен үкіметтік шенеуніктер баратын мейрамхананың кіреберісінде жарылғыш қондырғыны іске қосқан. Жарылыстан кейін екі лаңкес мейрамхана қонақтарына оқ жаудырған. Соңғы деректер бойынша, 21 адам қаза тапқан. Ажал құшқандардың көпшілігі - шетелдіктер. Ресей СІМ деректері бойынша Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссия қызметкері ресейлік Вадим Назаров шабуыл құрбанына айналды. Өз тарапынан мерт болғандар туралы Халықаралық валюта қоры мен БҰҰ да мәлімдеп отыр. «Талибан» қозғалысы орын алған терактіге байланысты жауакершілікті өз мойындарына алды.