Пәкістанда экстремистер жолаушылар пойызына оқ жаудырды
АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Пәкістанда Кветтадан Равалапинди қаласына кетіп бара жатқан жолаушылар пойызына экстремистер оқ жаудырды. Бұл туралы Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігі хабарлады.
Пойыз Качи округінде шабуылға ұшыраған. Бастапқыда пойызды зымыранмен атып, одан кейін автоматтан оқ жаудырған. Атыс салдарынан кемінде 3 адам қаза тапса, тағы 23 жолаушы ауыр жарақат алды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында әйелдер де, балалар да бар. Жарақаттанғандардың көпшілігінің жағдайы өте ауыр.
Пойызды күзетіп келе жатқан полиция қызметкерлері қарсы оқ жаудырғанымен, шабуыл жасағандар бой тасалап үлгерген.