Пәкістанда президент сайлауы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Пәкістанда 13-ші президент сайлауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Geo TV телеарнасына сілтеме жасап.
Сайлау парламентте және төрт провинциялық ассамблеяда 10:00-ден 16:00-ге дейін жалғасады. Оның қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткен күннің өзінде жариялайды.
Мемлекет басшысы лауазымына үш кандидат ұсынылған, олар: «Әділет үшін қозғалыс» билеуші партиясының өкілі Ариф Алви, «Пәкістан халық партиясынан» ұсынылған кандидат Аитзаз Ахсан және оппозиция өкілі Фазл-ур-Рехман. Қазіргі президент, Пәкістан мұсылмандары лигасы партиясының өкілі Мамнун Хусейн екінші мерзімге сайланудан бас тартқан.
Пәкістан президентін федералдық парламенттің төменгі және жоғарғы палатасының, сондай-ақ елдің төрт провинциясы Заң шығарушы жиындарының 1174 депутатынан құралған сайлаушылар алқасы сайлайды.