Пәкістанда су тасқыны салдарынан 261 адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістанның солтүстік және солтүстік-шығыс провинцияларында орын алған жойқын су тасқынынан құрбандардың саны 261 адамға жетті.

Пәкістанда су тасқыны  салдарынан 261 адам қаза тапты

ИТАР-ТАСС-тың хабарлауынша, су тасқыны салдарынан 261 адам көз жұмды. Олардың 183-і Пенджабеден, 64-і Азад Кашмирден, 14-і - елдің басқа да аудандарынан.

Құтқару операциясына әскерилер жұмылдырылды, олар тікұшақтар мен қайықтарда зардап шеккендерді құтқарумен айналысуда. Олар 22 мыңнан астамды қауіпсіз жерге көшірді. Алайда, билік деректеріне сүйенсек, апат аймағында әлі 300 мыңдай адам бар.

Әдетте жауын-шашын маусымы Пәкістанда шілдеден тамыздың аяғына дейін жалғасады.

Айта кетейік, 2010 жылы елде су тасқыны салдарынан 1,8 мыңдай адам қаза тауып, 20 млн. тұрғын зардап шеккен.