Пәкістанда тасқын судан келген шығын 43 миллиард доллар болды
АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат - Пәкістан өкіметі елді әбігерге салған сел тасқынан келген шығынды есептеп шықты. Елдің сыртқы істер министрі Шах Мехмуд Курешидің айтуынша, келген зардап 43 миллиард доллардан асып отыр. Бұл туралы дипломат Біріккен Ұлттар Ұйымында болған тыңдаулар барысында мәлім етті, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Халықаралық қоғамдастықты Пәкістанға көмектесуге шақырған Куреши мырза, қалыптасып отырған жағдайда «лаңкестерге Пәкістандағы төтенше жағдайдан пайда көруге мүмкіндік бермеу керектігін» баса атап көрсетті.
Ресми мәліметтер бойынша, сел тасқынының салдарынан 20 миллиондай адам зардап шегіп, 1,6 мыңдай адам қаза болды.