Пәкістандағы аптап ыстықтан 120 адам ажал құшты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістанда күннің қатты ысуынан 120 адам ажал құшты. Жергілікті билік те табиғаттың тосын мінезіне қарсы төтеп бере алмауда. Дәрігерлердің де дегбірі қашқан. Өйткені ажал құшқандар саны мұнымен тоқтамауы мүмкін. Пәкістанның Карачи қаласы қара жамылды, деп хабарлады www.24.kz.

Пәкістандағы аптап ыстықтан 120 адам ажал құшты

Жүзден аса тұрғынды 45 градустық ыстық жалмады. Синд билігінің мәліметінше, негізінен аптаптан егде адамдар ажал құшуда. Дүйім жұртты дүрбелеңге салған мұндай жайт соңғы рет 1979 жылы тіркелген екен.

Қазір ауруханалардағы мамандардың барлығы аяқтарынан тік тұрып, қызмет көрсетуде. Соңғы 2 тәулікте ыстық өткен 700-ден астам адам жедел жеткізілген. Билік дәрі-дәрмекке тапсырысты күрт көбейтті.

«Бізге жеткізілген адамдардың барлығының жағдайы ауыр. Көпшілігі қалтырап, сіңірлері тартылуда. Өкініштісі, бәрін бірдей құтқарып қалу мүмкін болмай тұр», - дейді Jinah Hospital жедел-жәрдем бөлімшесінің басшысы Семи Жамали.

Ауа райы болжамына сенсек, жақын күндері шыжғырған ыстық басылады. Бірақ жергілікті тұрғындарға көшеге шықпауға кеңес берілуде.