Пәкістандық азамат 100 адамды қар құрсауынан құтқарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пәкістан тұрғыны Сулеман Хан Кветта қаласы маңындағы қалың қар басып қалған жолдардан 100-ден астам адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Geo TV телеарнасына сілтеме жасап.

Пәкістандық азамат 100 адамды қар құрсауынан құтқарды

Үш күн бұрын Белуджистан провинциясының жекелеген аймақтарында Кветта мен Зхоб қалалары арасындағы жолдарда қозғалыс шектелген болатын. Тасжолдағы қар құрсауында әйелдер, қарттар мен балалар қалып қойған.

30 жастағы ер адам үш күн бойы адамдарды өз үйіне апарған, сондай-ақ өзге баспаналарға да жеткізген. Ол өзге көлік жүргізушілерімен жанармайын да бөліскен.

Телеарна Ханның 100-ден астам адамды құтқарғанын атап өткен. Бұдан басқа ол өз көлігімен ондаған машинаны қар құрсауынан сүйреп шығарған.

Бір апта бұрын Пәкістанда нөсер мен қар жауып, тауларда қар көшкіні жүрді. Табиғи апаттардың салдарымен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметтері бойынша 100 адам қаза тауып, 200-ден астам тұрғын үй зардап шеккен.