07:57, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Пәкістандық тәлібтер елдің солтүстік-батысында 400 оқушыны, олардың туыстарын және мұғалімдерін ұрлап кетті
ИСЛАМАБАД. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат – Пәкістандық тәлібтер ең аз дегенде 400 оқушыны, олардың мұғалімдері мен туыстарын ұрлады,
деп хабарлайды полициядағы дерек көздер. ҚазАқпарат бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Оқиға елдің солтүстік-батысында, Ауғанстанмен шекаралас Оңтүстік Уәзірстан облысында орын алған. Пәкістан премьер-министрінің кеңесшісі Мырза Мохаммад Жихади, биліктің адам ұрлаушылармен байланыс орнатқанын және тайпа көсемдерінің арағайындығымен адамдарды босату туралы келіссөз жүргізіп жатқанын мәлім етті. Мұздай қаруланған содырлар тобы әскерилердің басшылығына қарайтын кадеттік мектеп-интернатының оқушылары мен оларға бас-көз болған ересектер мінген 30 автобустың колоннасын тоқтатқан. Тәлібтер автобустарды басып алып, жүргізушілерге содырлардың базасына қарай жүруге бұйрық берген. Колоннаның соңында болған екі автобус қашып үлгерген. Пәкістанның Қарулы күштерінің өкілі генерал Атар Аббастың мәлім етуінше, олардың оқушыларды ұрлаудағы мақсаты - бұл күндері тәлібтерді ығыстырып келе жатқан Пәкістанның Сват өңіріндегіндегі қарулы іс-қимылдардан армияның назарын аудару болып отыр.