Палата бюросы: Мәжілістің жалпы отырысында қарауға ұсынылған мәселелер

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Палата бюросы ертең, 15 қаңтарда Мәжілісінің жалпы отырысында қаралатын мәселелерді бекітті.

Палата бюросы: Мәжілістің жалпы отырысында қарауға ұсынылған мәселелер

Ертең Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланады. Бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндама жасайды деп қарастырылуда.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі мәселені Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев көтереді.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева болса, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде және «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу туралы баяндамамен сөз сөйлейді.

Тағы бір талқыға түсетін мәселе, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде болмақ. Оның баяндамашысы - Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин сөз сөйлемек.

Отырыс барысында қаралатын «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ұсынады.

Және соңғы тақырып - «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы. Оны Мәжіліс депутаттары алдында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов таныстырмақ.