Палестина-Израиль қақтығысы: Газа Секторында жарылыс салдарынан журналист қаза тапты

АММАН. ҚазАқпарат – Израильдің әуе соққыларының салдарынан Газа Секторында палестиналық журналист қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Al Jazeera-ға сілтеме жасап.

Палестина-Израиль қақтығысы: Газа Секторында жарылыс салдарынан журналист қаза тапты

Өткен түні «Иерусалим дауысы» палестиналық радиосының репортері мен жүргізушісі Юсеф Абу Хусейн израильдік әуе соққысы салдарынан қаза тапты. Ақпаратты Dunya Al Watan және The Palestine Chronicle палестиналық ақпарат порталдары растап отыр.

19 мамырда таңсәріде газа Секторының батысындағы Шейх Редван ауданында орналасқан журналистің үйіне ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты шабуыл жасайды.

Өз кезегінде «Иерусалим дауысы» радиосы өз қызметкерінің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Өткен түні палестиналық журналистпен қоса, Газаның кем дегенде 4 тұрғыны Израиль әскери-әуе күштерінің соққылары салдарынан қайтыс болды.

Қақтығыс шиеленісе бастаған кезден бері кем дегенде 219 палестиналық Газада мерт болды, арасында 63 бала бар. Тағы 1,5 мың палестиналық жарақаттанған.

Бұл кезде Израильде 12 адам қайтыс болған, арасында екі бала бар. Жарақат алған Израиль тұрғындарының саны 300-ден кем емес.



Арсен Өтешов