Палестинада президент пен парламент сайлауы бір күнде өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Палестина президенті Махмуд Аббас президенттік және парламенттік сайлауды 2027 жылғы 11 қыркүйекте бір мезгілде өткізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Anadolu.
Палестинаның WAFA ақпарат агенттігінің мәліметінше, Махмуд Аббас Палестинаны азат ету ұйымы Атқарушы комитетінің шешіміне сәйкес, парламенттік сайлауды 2026 жылғы 28 қарашада өткізу туралы бұрынғы жарлықтың күшін жойған.
Жаңа жарлыққа сәйкес, президенттік және парламенттік сайлау 2027 жылғы 11 қыркүйекте қатар ұйымдастырылады.
Сайлау барысында Иерусалимде, Иордан өзенінің Батыс жағалауында және Газа секторында тұратын палестиналықтар мемлекет президенті мен Палестина заң шығару кеңесінің депутаттарын сайлай алады.
Құжатта сайлаудың еркін әрі тікелей дауыс беру арқылы өтуі көзделген.
WAFA агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Палестинадағы саяси партиялармен және өзге де саяси күштермен жүргізілген жалпұлттық консультациялар нәтижесінде қабылданған.
– Израильдің әрекеттері сайлауды бұрын белгіленген мерзімде өткізуге кедергі келтірді. Сондықтан еркін, әділ әрі барлық сайлаушыны қамтитын дауыс беруді ұйымдастыру үшін тиісті саяси жағдай қалыптастыру қажет. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жергілікті жерлерде қолайлы ахуал жасау маңызды, – деп түсіндірілген сайлау мерзімін өзгерту туралы шешімде.
Осылайша Палестина билігі президенттік және парламенттік сайлауды бөлек өткізуден бас тартып, екі саяси науқанды бір күнге біріктіруді ұйғарды.
Жаңа сайлау мерзімі барлық аумақта дауыс беруді ұйымдастыруға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Махмұд Аббас Палестинада 20 жылда алғаш рет парламент сайлауын 2026 жылғы 28 қарашада өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Палестина заң шығару кеңесінің соңғы сайлауы 2006 жылы өткен.