Пан Ги Мун БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы қызметіне әйел адамды сайлауды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун оның мұрагері әйел болуы тиіс деп санайды. Бұл туралы сәрсенбі күні, 6 мамырда оның ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак мәлім етті, деп хабарлады ТАСС.

Пан Ги Мун БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы қызметіне әйел адамды сайлауды ұсынады

«Бірқатар ресми шараларда Пан Ги Мун әйелдердің бас хатшы қызметін атқаратын кезі келді, дегенді айтып жүр», - деп мәлімдеді ол. Ол сонымен қатар бас хатшы оның орынтағын басатын адамның аты-жөнін айтқан жоқ. «Пан Ги Мун жоғары лауазымдар атқарып жүрген, соның ішінде БҰҰ-да да мәртебелі қызметтегі көптеген әйелдермен кездесулер өткізуде. Олар сайлауға қатыса ма, жоқ па, оны өздері шешеді», - деді Хак.

БҰҰ Бас хатшысы қызметіне ықтимал үміткерлердің арасында БҰҰ Даму Бағдарламасының үйлестірушісі Хелен Кларктің, ЮНЕСКО атқарушы директоры Ирина Бокованың, Чили мен Литва президенттері Мишель Бачелет пен Даля Грибаускайтенің, сондай-ақ Дания премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмидттің есімдері аталып жүр.

Оңтүстіккореялық дипломат Пан Ги Мун БҰҰ бас хатшысы қызметін 2007 жылғы 1 қаңтардан бері атқарып келеді. Оның өкілеттік мерзімі 2016 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Ережеге сәйкес ол үшінші бесжылдық мерзімге сайлана алмайды. Агенттіктің атап өтуінше, БҰҰ басшысының барынша әділетті болуы үшін бұл лауазымға Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын бес елдің - Ресейдің, Қытайдың, Біріккен Корольдіктің, АҚШ-тың және Францияның өкілдері сайланбайды.

Ұйым бас хатшысын сайлау былайша өтеді: әуелі үміткерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарайды, одан кейін Бас Ассамблеяда 192 ел өкілдерінің қатысуымен дауысқа салынады. Жаңа бас хатшыны сайлауда Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері үлкен рөл атқарады, олар кез келген жарамсыз үміткерге вето қою құқығына ие. БҰҰ Бас хатшысы өкілдігінің мерзімі - бес жыл.