Пан Ги Мун G20 елдерінен Сириядағы гуманитарлық көмекке қосымша қаржы сұрады
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтіп жатқан G20 саммитінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун G20 елдерінен Сириядағы гуманитарлық көмекке қосымша қаржы сұрады.
Өз сөзінде ол бұған дейін берілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдірді. Алайда бүгінде Сирия азаматтары басқа мемлекеттерге қашып, босқындар қатарына қосылып жатқандықтан, гуманитарлық мақсатта қосымша қаржы қажет болып тұр. «Біз қазіргі гуманитарлық жағдай мен босқындар мәселесін ескере отырып, жаңа бюджетті жасақтадық. Осыған орай, қосымша 4,4 млрд. доллар бөлуді сұраймыз», - деді БҰҰ-ның Бас хатшысы. Сондай-ақ ол «Женева - 2» - Сирия мәселесі бойынша жаңа халықаралық конференцияның жақын арада өткізілуіне сенім білдірді. Оның ойынша, Женева коммюникесін толыққанды іске асырудың арқасында Сирия мәселесін саяси жолмен шешуге болады.